Дарынды Дархан

0

Қордай ауданы өңірдегі өнерлі өлкелердің бірі. Көптеген дарынды жерлестеріміз талайдың таңдайын қақтырып, күллі қазақ даласына танылды. Олардың арасында халықаралық сахналарда бой көрсетіп жүргендер аз емес. Мұндай жандарға аудан басшылығы тарапынан да қолдау көрсетіліп келеді. Соның бір айғағы ретінде аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай дарынды әнші Дархан Қабылды қабылдады.
Дархан аудандық Мәдениет үйінің дара әншісі. Көптеген байқауларда бас жүлде алып, жерлестерінің қошеметіне бөленген жан. Жуырда ол Қызылорда қаласында өткен республикалық «Ақмаңдайлым» әншілер конкурсына қатысып қайтты. Айта кетсек, бұл конкурс Қазақстан және КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған республикалық байқау. Дархан алдымен аудандық іріктеуде көзге түсіп, облысқа, одан кейін республикалық сынға жолдама алған. Онда еліміздің әр аймағынан кіл мықтылар бақ сынасып, Дархан да барын салды. Ал, олардың өнерін бағалаған қазылар алқасының қатарында Жеңіс Сейдолла, Күлән Қалымбетова, Сембек Жұмағалиев, Рамазан Тайманов және Бақтияр Тайлақбаев сынды елімізге еңбек сіңірген әртістер болды.
Жерлесіміз байқауда Роза апамыз шырқаған «Екі жирен» әнін нақышына келтіре орындады. Дарханның дауысы мен сахнада өзін-өзі еркін ұстауы қазылар алқасына әбден ұнады. Байқаудың екінші сынында өзінің таңдаған әні арқылы кең даусын естіртіп, шын талантқа тұсау жоқ екенін байқатты. Осылайша, байқаудың бас жүлдесі жерлесіміз Дархан Қабылға бұйырып, Роза Бағланованың келіні Роза апамыздың суреті бейнеленген мүсінді сыйға тартты. Осындай қуанышты күні аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай Дархан Қабылды қабылдап, жеңісімен құттықтаған еді.
«Ауданның абыройын асқақтатып келдің. Алдыңғы ағалардың жолын жалғастырып жұлдызың жана берсін. Сен енді біздің мақтанышымызсың. Әрдайым өнерде де, өмірде де жолың болсын», — деген Дамира Маратқызы қабылдауындағы қонаққа төрт томдық «Абай жолы» кітабын сыйға тартты. Өз кезегінде Дархан Қабыл аудан басшылығына алғысын жеткізіп, қолдау барда Қордайдың намысын биік шыңдарда қорғай беретініне сенім білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.