Дастарқанның берекесі

0

«Ас атасы – нан» деген қасиетті тәмсілді жадына сіңірген Алаш жұрты ықылым замандардан бері бұл тағамға ерекше ілтипатпен қарап келеді. Халқымыз нанның бір қиқымын да жерге тастамай, қадір тұтқан. Себебі нан – тек тамақ емес, тіршіліктің тірегі, дастарқанның берекесі, отбасының ырысы.

Қара нанмен жан сақтап, ашаршылық пен зобалаң жылдарды аман өткізген ата-бабаларымыз үшін оның әр үзігі – шынайы құндылық еді. Бұл ұғым ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге дейін салт пен сана болып сіңді.

Осындай құндылықты ту еткен Үлкен Сұлутөр ауылының жас тұрғыны, жігерлі кәсіпкер Айбек Мәдхалық ауылдастары үшін наубайхана ашып, күн сайын иісі бұрқыраған жаңа піскен нан мен шелпек ұсынуды қолға алды. Бұл – жай ғана кәсіп емес, қазақтың нанға деген құрметін қайта жаңғыртқан игі іс.

Дене шынықтыру мамандығын тәмамдаған жас жігіт үшін наубайхананың иісі — жеңіл жолдың емес, қажырлы еңбектің лебіндей. Алғашқы қадамы 2025 жылдың 3 мамырында басталды. Идея отбасылық дастарқанда пайда болып, ата-анасының қолдауымен жүзеге асты. Айбектің анасы Жанар Болатқызы көптен бері ауылда наубайхана ашуды армандап жүргенін айтады.

– Ауылдағы жұртқа күнде ыстық нан ұсынсақ деген тілегіміз көптен бері көкейде жүретін. Енді, міне, армандар орындалды. Нанның дәмі – үйдегідей, табиғи. Ел риза, – дейді Жанар апай қуана.

Жас кәсіпкердің арманы «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында шындыққа айналды. Айбек 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 7 миллион 300 мың теңге несие алып, оған қажетті құрылғылар – қамыр илегіш, үш деңгейлі пеш, наубай үстелі, пісіру қалыптары мен табаларды сатып алды.

– Мемлекетке қолдау көрсеткені үшін алғысым шексіз. Мұндай қамқорлық – әсіресе ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік, – дейді Айбек.

Дегенмен, анасы Жанар Болатқызының айтуынша, наубайхана жабдықтары мен қалыптар күткеннен қымбатқа түскен. Өндірісті кеңейту үшін тағы бір пеш қажет. Бірақ бұл қиындықтар жігерлерін жасыта алған жоқ.

Наубайханадағы жұмыс кешкі сағат 20:00-ден таңғы 4:00-ге дейін жалғасады. Күніне 150-ге жуық бөлке нан мен түрлі нан өнімдері пісіріледі. Әзірге ассортимент шағын – қарапайым нан, тоқаш, пита мен дөңгелек нан. Ең бастысы – табиғи өнімдерді ғана пайдалану.

– Нан – әр үйдің төрінде тұратын тағам. Сондықтан оның сапасына ерекше мән беремін. Қоспасыз, таза өнім болғанын қалаймын, – дейді кәсіпкер.

Айбектің отбасы оның басты тірегі. Әкесі Нұрбол – азық-түлікті тасымалдаумен айналысады. Олардың жеке дүкені бар, бұл дайын өнімді сатуға едәуір жеңілдік туғызады.

Айбек отбасында қамқор әке. Ол қызын қолына алған сәттен бастап, отбасы үшін де, ауылдастары үшін де жауапкершілікті терең сезіне бастаған.

– Бизнесте ең бастысы – идея мен жауапкершілік. Мейлі ауылда болсын, қалада болсын, егер ісіңе адал қарасаң, нәтиже береді. Бәрін бақылауда ұстасаң, табыс та өзі келеді, – дейді ол.

Алдағы жоспары – өндіріс көлемін ұлғайтып, ассортиментке бауырсақ пен тандыр нан қосу. Сондай-ақ тағы бір адамды жұмысқа тартпақ.

– Бала кезден ата-аналарымыз нанды қадірлеуді, аяқасты етпеуді үйреткен. Үйге асығып тұрған кісі келсе, «Ең болмаса, наннан ауыз тиіңіз» дейміз. Бұл – нанның құдіретті ас екенінің белгісі. Нанмен жұмыс істеуде адалдық қажет. Сол адалдықпен, барлық мақсатыма жетіп, дастарқанымыздан нан үзілмесін деген ниетпен бастаған наубайхана кәсібімді дамытамын деп ойлаймын. Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлерді қолдау бағытында жақсы жұмыстар атқарылып, бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Мұның шарапаты тек кәсіпкерге ғана емес, ауылды жерлердегі жұмыссыздарға да тиіп отыр. Жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы – кәсіпкерлерді қолдау. Себебі адамдарды жұмыспен қамтитындар сол – кәсіпкерлер. Жөнін тапсаң, жұмыстың жаманы жоқ. Еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Әлем тек еңбекпен ғана жасарып, жаңарады», — деп әңгімені тәмамдады жас кәсіпкер.

Иісімен-ақ жүрекке жол табатын нан – әр шаңырақтың берекесі. Сол нанды елге ұсынып отырған Айбек сынды жастар барда ауылдың да, елдің де болашағы жарқын екеніне сенгіміз келеді. Жас кәсіпкерге сәттілік тілейміз!

Мадина Узбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.