Дастарқаны да, тілі де – қазақ

0

Қазақ жері – сан ұлттың мекені, түрлі мәдениеттің тоғысқан ордасы. Бұл жерде әр халық өз дәстүрін сақтай отырып, қазақ халқымен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Солардың қатарында – дүнген ұлты да бар. Кейде олардың қазақша таза сөйлеуі, ұлттық салт-дәстүрді берік ұстануы таң қалдырады. Осындай үлгілі отбасылардың бірі – Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Лугмар Суваевич Биянху.

Лугмар аға 1957 жылы Масаншы ауылында дүниеге келген. Оның өмір жолы – еңбек пен табандылықтың жарқын үлгісі. 1976–1978 жылдары Орал қаласында әскери борышын өтеп, елге оралған соң «Коминтерн» колхозында еңбек етеді. 1986 жылы Сарыбұлақ ауылына қоныс аударып, қызылша өсірумен айналысатын суғармашы қызметін атқарады. 1995–2002 жылдары көкөніс бригадасында пияз өсірумен шұғылданып, жер өңдеудің қыр-сырын меңгеріп шығады. 2004 жылы «Биянху» атты жеке шаруа қожалығын құрып, кәсіпкерлікке бет бұрды. Алғашында көкөніс өсірумен айналысқан шаруашылық кейіннен дәнді дақылдарды өсіруге көшіп, ауқымын кеңейтеді.

Отбасылық өмірінде де Лугмар Суваевич – үлгі боларлық жан. 1980 жылы Рабия есімді арумен шаңырақ көтеріп, бүгінде 5 баланың ардақты әкесі. Балалары өмірден өз жолдарын тауып, жеке отау тіккен. Бір ұлы әкесімен бірге тұрады, екіншісі – өзімен көршілес, үшіншісі – Алматыда қызмет етеді. Қыздарының бірі – Сортөбеде, екіншісі – Қайнар ауылында тұрады. Бүгінде 16 немере мен 1 шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.

Отбасының басты ерекшелігі – тілге деген құрмет. Лугмар аға да, оның балалары мен немерелері де қазақ тілінде еркін сөйлейді. Тіпті, бір ұлы қазақтың мақал-мәтелдерін шебер қолдана отырып, сөз мәдениетін байыта түседі.

«Біз қазақ болып кеттік қой», – дейді ол, бұл сөздің астарында туған жерге деген терең құрмет пен ықылас жатыр. Бұл – жай ғана сөз емес, бұл – ұлттық сананың көрінісі, өзге ұлт өкілі болып өссе де, қазақ елін өз үйіндей қабылдаған адамның шынайы сезімі.

Отаудың өмір салты да қазақы қалыппен өрілген. Үйінде жылқы, ірі қара мен ұсақ мал ұстайды. Бал ара өсіріп, табиғи таза балын дастарқанына қояды. «Етсіз күн көре алмаймыз, әкем өмір бойы мал бақты, біздің үйден ешқашан ет үзілген емес. Жылқы еті мен қазыны, сорпаны ерекше жақсы көреміз», – дейді Лугмар аға. Бұл сөздер – қазақтың болмысы бойына сіңген адамның сөзі.

Дін мен дәстүрді қатар ұстанып, мұсылмандық қағидаларды берік сақтайды. «Дастарқандағы ас – адал әрі өзіміздің өнім болу керек», – деген өмірлік ұстанымы да отбасының тазалығын, табиғилыққа ұмтылысын аңғартады.

Лугмар Суваевич Биянху мен оның жанұясы – қазақ елінің кеңдігі мен көпұлтты қоғамдағы береке-бірліктің жарқын үлгісі. Олардың өмірі, тілі мен дәстүрі – қазақ халқының мәдениетімен біте қайнасқан. Бұл – қазақ халқының дархандығы мен бауырмалдығының, барша ұлтты бауырына тарта алатын үлкен жүректің айғағы.

Мадина Узбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.