ДИҚАН ЕККЕНІН ЖЕЙДІ

0

Қордай халқы мал шаруашылығымен қатар, егістік алқаптарын игеруде ерекше табысқа жетіп, ауылшаруашылық мәдениетінің тиімділігін арттыруда.

Осы ретте, Сарыбұлақ елдімекенінде орналасқан «Нөсер» шаруа қожалығы озық үлгі ретінде танылып, аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне зор үлесін қосуда.

2013 жылы негізі қаланып, ірі құрылымға айналған «Нөсер» шаруа қожалығы, ауыл шаруашылығына қажетті техникалармен толықтай қамтамасыз етілген. Сондай-ақ қолданатын комбайндарынан бастап, тракторларға дейін заманауи технологиялармен жабдықталған. Соның арқасында жыл сайын өндіріс көлемін жоғарылатып, өз бетінше нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Биыл аталған қожалық 65 гектар жерге «Андромеда» және «Pioneer P0937» сортты жүгері дәндерін отырғызған. Өз кезегінде бұл сорт жоғары сапасымен және өнімділігімен танымал.

Құрылым егістік дақылдарын суаруды тамшылатып суару әдісімен жүзеге асыруда. Бұл әдіс, суды топыраққа тиімді түрде жеткізіп, өсімдіктің тамырында қажетті ылғалдың деңгейін сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар, тамшылатып суару әдісі өсімдік аурулары мен арамшөптердің таралуын азайтады, себебі су, өсімдіктің тамырына тікелей жеткізіледі.

«Биыл жүгері дақылының гектарынан 100-120 центнер өнім аламыз деп жоспарлаудамыз. Көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы орындап, дақылымызды күтімі мен қоректендіруді дұрыс жүргізгеніміздің арқасында, осындай жоғары өнімділікке жететінімізге сенімдіміз. Қыркүйек айында орақ салу басталады, сол уақытта егістік алқаптары жиналып, еңбектің нәтижесін көруге мүмкіндік алатын боламыз», — дейді қожалық басқарушысы Андрей Слесарев.

Қожалық ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға зор әсер етіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.

Сонымен қатар, шаруашылық 100 гектарға бидай мен 70 гектарға арпа егіп, өнімдерін нарыққа шығарып, халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өзіндік үлес қосуда.

Иә, қандай қоғам болмасын, оның әміршісі – еңбек. Адал тер төгіп, еңбек еткеннің жүзі жарық, мерейі үстем, жолы ашық болары анық. Міне, осы тұрғыда «Нөсер» шаруа қожалығының тынымсыз тірлігі көпке үлгі болатыны даусыз.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.