Әлемдік өркениетке өз үлесін қосқан ата-бабаларымыздың болмысы, мінез-қүлқы, ұлттық ұстанымы терең мағынаға ие. Қазақ халқының бай мәдениетінің шеңберінде ғасырлар бойы мән-мағынасы мол дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп жеткізілді. Әрбір ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын нәрсе — тілі мен мәдениеті және осылардың негізі саналатын діні. Қазақ халқының мәдени құндылықтары, сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан этнографиялық мұрасының негізі Ислам дінінде болған десек, еш қателеспейміз. Этнограф-ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек мәдениетіміздегі ислам дінінің орны туралы: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр» деп айтқан болатын. Қазақ руханиятының дамуында Ислам дінінің рөлі орасан зор. Қазақ руханияты дегенде, ең алдымен мәдениет, әдебиет, тіл, діл, дін мен дәстүр сабақтастығы сияқты кұндылықтар ойға оралады.
Біз тарихи тағылымға, дәстүрлі өнегеге бай Қазақ еліміз. Кемеңгер бабаларымыз бізге ұлан-байтақ даланы ғана емес, баға жетпес рухани мұраны да мирас етті. Сан ғасырлар бойы елдік пен ерлікке, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген сол рухани мұраны лайықты түрде игере алсақ, келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болары даусыз. Исламның мәйегі болып табылатын рухани құндылықтар ұлтымызбен бірге жасасып, рухани мәдениетімізге, әсіресе әдебиетімізге үнемі көрініс тауып отырған. Сондықтан ата дініміз бен рухани бастауларымызға оралудың ең жақын жолы әдебиет арқылы өтеді. Біздің буынды әдебиет тәрбиеледі. Осы көркем әдебиет арқылы исламның құндылықтарын, тарихымызды, руханиятымызды таныдық. Білім мен ғылымсыз қазақтың сана-сезімін ояту мүмкін емес екендігін түсінген Ж.Аймауытов: «Ғылымды кісінің білімі де күшті, білегі де күшті, надан кісі осал, құр қол кісі сияқты, алыса кетсе айлалы, азулы кісі нашар кісіні алып соғатыны ап-анық. Бұлай болған соң басқаның аузында кетпей, тіршілік қылайын деген жұрт мәденилікке жармаспасқа шарасы жоқ» дей келіп, «басқа елдерге еліктей бермей өз бетіміздің, жұрттығымыздың белгісін көрсеткеннен не кемдік табылады? Қаза, тексере берсек, Еуропаның өнеге қылуға жарамайтын жерлері де бар» деп басқа елдерге еліктей бермей, өз жетістіктерімізді сақтауға шақырады.
Қарасай ауылдық округі әкімі аппараты