ДОСТЫҚТЫ БЕКЕМДЕГЕН ФОРУМ

0

Қордай жері – отыздан астам түрлі этнос өкілдерінің алтын шаңырағына айналған қасиетті мекен. Жергілікті халық ауданның өсіп-өркендеуі жолында жұмыла атсалысып, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Мемлекет басшысының  тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайтуға  бағытталған тапсырмаларын орындау мақсатында ауданда кешенді шаралар қолға алынған.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерлесіміз, Қордай ауданының Құрметті азаматы Буларов Лугмар Харкиевичті Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары етіп тағайындаған болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясының  «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында жаңа орынбасарды көпшілікке таныстырып, сенім білдірді. Қордай ауданы тумасының осындай құрметті әрі жауапкершілігі мол қызметке тағайындалуын аудан тұрғындары үлкен мәртебе әрі  ауданымызда этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған жұмыстарға берілген баға деп қабылдады. Сенбі күні аудан орталығында өткен «Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар» атты аудандық форум да ұлтаралық татулық пен шынайы достықты дәріптеген ауқымды шара болды десек қателеспейміз.

Форумға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, ауданның бірқатар Құрметті азаматтары мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты. Алғашқы сөзді алған аудан әкімі Бегзат Болатбеков ең алдымен жиналған қауымды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

 –  Осындай тағылымды мереке аясында аудандық форум өткізуіміз – біз үшін аталған мерекенің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Әрине, форум өткізудегі мақсатымыз — бірлігі мен берекесі жарасқан ауданымыздың татулығын одан ары нығайту, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру болмақ. Ал, ең бастысы —  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында жергілікті атқарушы органдарға тапсырған міндеттерін іске асыру болып табылады, — деп атап өткен Бегзат Сейсенқұлұлы Лугмар Буларовты жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.

Келесі кезекте аудан бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген этномәдени бірлестік жетекшілерін марапаттау рәсімі өтті.

Бұдан бөлек, ауқымды басқосуда аудандық мәслихат төрағасы Н.Садықов, Қордай ауданының Құрметті азаматтары Т.Сүгірбай, А.Шупта, ҚР Мәжілісінің экс депутаты И.Буларов, ҚХА төрағасының орынбасары Л.Буларов сөз сөйлеп, ауданда рухани бірлік пен этносаралық ынтымақты сақтауға  қатысты орамды ойларымен, пайымды пікірлерімен бөлісті.

Форум аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.