Еңбегі ерек, болмысы бөлек

0

Қарапайым еңбегімен күн сайын қоғам тынысына игілік дарытып жүретін, онысы әсте көзге түсіп, көпшілік көңіліне елене бермейтін мамандық иелері болады.

Міне, осындай кәделі мамандықтың қадірін асырып жүрген жандардың бірі – Нұрғазы Машақов. Ол 10 жылдан бері аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорнының электригі қызметін атқарып келеді. Іскерлік қабілеті шыңдалған Нұрғазы Таубайұлы Қордай ауылының тумасы. Оның негізгі мамандығы – агроном. Ол 2004 жылы аудан орталығындағы № 3 Абай Құнанбаев атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Ноғайбай ауылындағы ауылшаруашылық колледжіне оқуға түсті. 2010 жылы қосымша мамандық игеру мақсатында «Интенсив-білім орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде «электр және газбен дәнекерлеуші» бір жылдық  курсын аяқтады. Еңбек жолын 2010 жылы Қордай цемент зауытының дәнекерлеушісі болып бастады. Мұнда бірер жыл еңбек еткен жас маман, сол тұста Тараз қаласындағы №1 кәсіби техникалық лицейінде дәнекерлеуші мамандығы бойынша алты айлық курсын оқып, біліктілігін арттырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы –  бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат»,- деген болатын.

«Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорнында 2015 жылдан бастап қызмет етудемін. Аталған мекемеде еңбек жолымды дәнекерлеуші болып бастадым. Қазіргі таңда, электрик энергетигі лауазымындамын. Менің негізгі міндетіме –  шаруашылық жөніндегі кәсіпорнына қарасты маңызды нысандардың жарықпен және жылумен қамтамасыз етілуі мен қондырғы-жабдықтардың қалыпты жұмыс істеуін қадағалау кіреді»,-дейді Нұрғазы Таубайұлы.

Электрик мамандығы – тек сым жалғау ғана емес, бұл – жарық пен жылу сыйлау миссиясы. Олар үшін әрбір сынақ – әлемді бір саты жарқырата түсу мүмкіндігі. Күнделікті күйбең тірліктен бастап, ауқымды жобаларға дейінгі жолда олар әр үйдің, әр мекеменің, тіпті тұтас ауданның жарықпен қамтамасыз етілуіне жауапты. Тыныш әрі жайлы өмірдің тасадағы тірегі де – осы мамандар.

«Еңбек бәрін де жеңбек» деген қазақта жақсы сөз бар. Расында адал еңбек етіп, ұрпағына адал ас ішкізген адамның қашанда айы оңынан туып, өмірі шаттықты, күні жарық болмақ.

 Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.