Еңбегі көптің өнбегі көп

0

Бүгінде жер жердегі күзгі жиын-терін жұмыстарының нағыз қызған шағы. Аудан диқандары да соқа-сайманын сайлап, алқап басында уақытпен санаспай еңбектену үстінде. Осы орайда, егістік басында жүрген «Әсел» шаруа қожалығының басшысы Ноғайбайлық диқан Серікжан Саяқовтан жұмыс барысын сұрап білдік .

Егін егетін жерді, егін алқабының топырағын өңдеу егіншілік мәдениетін көтерудің бірден бір негізгі шарты болып саналады. Дұрыс бапталған топырақ қабатында ылғал мол жиналып, ұзақ сақталады. Сонымен қатар, қар мен жауын суы тез сіңеді. Аталмыш үрдісті тәжірибесі мол диқаншылар қауымы жақсы біледі. Қожалық иесі Серікжан Тәжікенұлы ата кәсіпті 1997 жылы құрғанын алға тартады. Оның айтуынша, жалпы көлемі 360 гектар алқабының 120 гектарына – бидай, 130 гектар жеріне – арпа дақылын отырғызбақ ниетте. Ал, ар жағындағы  110 гектар алқапты парға қалдырады екен. «Күзде жер жыртудың тиімді тұсы біріншіден, дән жерге ерте сіңіріліп, уақыттан ұтамыз. Екіншіден, жыртылған жерге қар тоқтатылатындықтан ылғал мол болады. Үшіншіден, арам шөптердің тамырлары үсіп қалатындықтан келер жылы арам шөп ол жерге шықпайды. Қазір ауылда жұмыс көп. Еңбек еткен адамға барлық мүмкіндік бар. Тек оны игеріп, еңбектенетін шаруалар аз»,- дейді шаруагер. Ауыл шаруашылығы саласы әрине, ауылдық жерде ғана өркен жаяды, дамиды. Ауылда еңбек етіп, маңдай терімен жер анадан нәсібін теріп отырған Серікжан Тәжікенұлы мұны жақсы білсе керек. Айта кету керек, аталмыш шаруашылық науқандық жұмыстарға қолданатын ауыл шаруашылығы техникаларымен де қамтылған. Сондай-ақ, жүк тасымалдауға арналған ауыл шаруашылығы тіркемелері де бар. Оның ішінде, бір бірлік ауыр техникаға  «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы ұсынған тиімді шарттарын ескере отырып, қол жеткізген. Бұл да шаруашылық жұмысын жүргізуге үлкен көмек. Жалпы қожалықта механизатор, агроном сынды лауазымда алты адам жұмыспен қамтылған. Күн райының құбылып тұратынын ескерген құрылым қызметкерлері  дала жұмыстарына дайындықтарын әлдеқашан бастап кеткен. Олардың өз жұмысына шеберлігі мен еңбеккерлігіне қарап «Еңбегі қаттының татқаны тәтті» екенін бағамдайсыз. Егіншілікті қолға алып, оның мол жемісін алу нарықтағы бағаны тұрақтандыруға үлкен әсерін тигізетіні даусыз. Осы орайда қолға алынып отырған егістік жұмыстарының оң нәтиже беріп, диқаншылар қауымының қамбасы әрқашан дәнге тола берсін демекпіз!

ӘДІЛЕТ ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.