Қордай ауылының Орталық саябағында Сортөбе ауылдық округі тұрғындар мен қонақтарға арналған шынайы мереке – «Адал еңбекпен – жарқын болашаққа!» атты фестиваль ұйымдастырды.
Бұл жарқын күн барша жұртты бір ортақ идея – еңбектің қадірі мен маңызын түсінуге жұмылдырды. Еңбек – жарқын болашақтың негізі, әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірліктің алтын діңгегі. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қарапайым еңбек адамдарына – күнделікті маңдай терімен елдің игілігіне үлес қосып жүрген жандарға ерекше көңіл бөлінді.
Фестиваль нағыз өнер мен қолөнердің түрлі-түсті көрінісіне айналды. Қонақтар халық шеберлерінің көрмесін тамашалап, қазақ, қарашай, балқар, дүнген, орыс және өзбек ұлттарының дәстүрлі тағамдары мен қолөнер бұйымдарын көріп, рухани байлыққа бөленді. Бұл көрмелер Қордай жерінің басты байлығы – оның еңбекқор, дарынды халқы екенін айқын көрсетті.
Мерекенің соңында ән мен би шырқалған үлкен концерт өтті. Сахна бірліктің, шабыт пен достықтың алаңына айналды.
Қордайдағы бұл фестиваль – еңбекті дәріптеудің, шеберлік пен рухани татулықтың жарқын көрінісі ғана емес, сонымен қатар болашағымыздың берік іргетасы – бірлік, өз ісіне деген сүйіспеншілік пен өзара құрметтің символына айналды.