ЕҢБЕК ЖАСАҚТАРЫ ЖҰМЫСЫ ҚЫЗҒАН ШАҚ

0

Қордай ауданы бойынша «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жазғы маусымдағы жұмысы қарқынды түрде басталды. Жасыл бастаманың басты мақсаты — жастарды еңбекке баулу, туған өлкені аялап, тазалық пен тәртіпке деген жауапкершілікті арттыру. Бұл еңбек жасақтарына ауданның белсенді жастары тартылып, қоғамдық жұмыстарға белсене кірісіп кетті.

Жастар күнделікті тазалық жұмыстарын жүйелі түрде атқаруда. Атап айтқанда, олар көпшілік орындар — ойын және спорт алаңдарын ретке келтіріп, бояу, сырлау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, жол жиектеріндегі арам шөптерді жұлып, көше бойындағы күл-қоқыстарды жинап, ауыл-аймақтың көркіне көрік қосуды мақсат еткен.

Аталған жұмыстар тек тазалықпен шектелмей, ауданның жалпы эстетикалық келбетін жақсартуға бағытталған. Жасақ мүшелері саябақтар мен демалыс аймақтарын абаттандыруға, ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға да ерекше мән беріп отыр. Бұл бастама Қордай жұртшылығы тарапынан да оң бағасын алуда.

«Жасыл ел» — ел болашағы үшін маңызы зор бағдарлама. Ол тек еңбекке ғана емес, отансүйгіштікке, табиғатты аялауға, ұжымдасып жұмыс істеуге баулиды. Осындай бастамалар арқылы Қордай ауданының жастары туған жерін сүйіп, ел дамуына өзіндік үлесін қоса алатынын дәлелдеп отыр.

Аудан әкімдігі мен жергілікті мекемелер де бұл жасақтарға қолдау көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде. Мұндай үйлесімді ынтымақтастықтың нәтижесінде Қордай ауданының келбеті күннен-күнге ажарланып келеді.

Жалынды жастары бар елдің болашағы да жарқын. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының белсенділігі — соның жарқын көрінісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.