ЕГІНШІ -МӘРТ, ЖЕР-ЖОМАРТ

0

Бүгінде дала төсін дүбірге бөлеген көктемгі егіс дала жұмыстарының нағыз қызған шағы. Салада атқарылған жұмыстардың жайын баққан мамандардың мәлімдеуінше, аудан шаруалары алдағы күндері 132 мыңнан астам гектарға ауылшаруашылық дақылдарын егуді жоспарлаған. Бұл үшін жер жыртылып, қажетті техника да дайындалып қойған. 

 Естеріңізге сала кетсек, биыл егістіктің басым бөлігін алатын жаздық арпа 44 мың гектарға себілсе, күздік бидай 25 мың гектар жерді алмақ. Осы ақпаратты алға тартқан аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Қаспақбаев күні кеше Ноғайбай ауылдық округіне жол тартып, ондағы «Ақтас Қордай», «Бай-Нұр» және «Алтын дән» шаруа қожалықтарының егіс алқаптарын аралады. Бөлім басшысының айтуынша, шаруалардың көктемгі егіс дала жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін жеңілдетілген бағамен 110 тонна дизель отыны жеткізілген. Сұйық отынның 1 литрінің құны 160 теңгені құраса, бұл нарықтағы бағадан 12-15% арзан болып отыр. Айта кетсек, 25 наурызға аудан бойынша 14655 га жер жыртылып, арпа 8140 гектарға, көп жылдық шөптер 400 гектарға егілді. Қазіргі таңда Қордай ауданы қажетті жеті мың тонна арпа тұқымы және жүз алпыс тонна жүгері тұқымымен түгел қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасы алқаптарға түгел шығып, шаруалар егін егу науқанына білек сыбана кірісіп кеткен. Биыл арпа, күздік бидай, жүгері, қант қызылшасы, азықтық дақылдар көлемі ұлғайып, бір жылдық және көп жылдық шөп егілу үстінде. Сондай-ақ, диқандар картоп пен көкөніс егу жұмыстарын да қолға алған. Жалпы, аудан бойынша 1250 ауыл шаруашылық құрылымдары бар. Былтыр  152 мың тоннадан астам дәнді дақыл, 126 мың тоннадан астам картоп, 157 мың тоннадан астам көкөніс, 65 мың тоннадан астам жүгері жинаған шаруалар биыл да мол өнімнен үмітті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.