ЕКПЕ АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

0

Бүгінгі таңда Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қызылша ауруы дендеп барады. Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай үкіметте де талқыланып, жуырда Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қызылшаның қауіптілігі мен екпенің маңыздылығы туралы халықты ақпараттандыру шараларын күшейтуді тапсырған болатын.

Жұқпалы дерттің таралуының алдын алу, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар еліміздің барлық өңірлерімен қатар Қордай ауданында да жүргізілуде.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес ағымдағы жылдың 6 қарашасынан қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚКП) қарсы 6-11 айлық балаларға, қызылшаның егу мәртебесіне қарамастан қосымша жаппай иммундау (ҚЖИ) басталды. «Serum Institute of India Ltd» компаниясының «ҚПҚ» екпесін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған және оны әлемнің 70 елінде қолданады. Оның ішінде Еуропа елдері де бар. Екпенің құрамында әлсіреген микроорганизмдер, яғни ауру қоздырғыштары болғандықтан, бұл тірі екпелер тобына жатады. Екпенің мұндай құрамы қажетті иммундық қорғаныс қалыптастыруға көмектеседі және балаға осы үш аурудың бірі жұқса, ауыр асқынудан қорғайды.

Қордай АОА бас дәрігерінің орынбасары А.Байбековтың мәлімдеуінше, бүгінгі күні аудан бойынша 316 балаға екпе салынған. «Қордай ауданы бойынша жас аралығы 6 айдан — 10 ай 29 күнге дейін 1269 балаға қаулыға сәйкес қосымша екпе салыну керек, бүгінгі күні 316 балаға екпе салынып, осы бағытта жұмыстар жалғасуда. Облыс орталығынан АОА-ға 1600 доза вакцина жеткізіліп ауданымыздың емдеу мекемелеріне таратылды» деген дәрігер аудан тұрғындарын екпе алуға шақырады.

Баласының денсаулығына алаңдап, қызылшаға қарсы екпе салдырып жатқан ата-аналардың бірі – Индира Құдайбердиева.

 «Бұл қауіпті жұқпалы ауру соңғы уақытта белең алып жатқанын естіп жатырмыз. Сондықтан баламның денсаулығы үшін алаңдаймын. Дерттен сақтанудың бірден бір жолы екпе болғандықтан, бүгін ұлымды ауруханаға алып келіп, екпе салдырдым»,-дейді ана.

Leave A Reply

Your email address will not be published.