ЕЛ ҮМІТІН ЕР АҚТАР…

0

Жұма, 4 маусым күні ауданымызда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған «Жомарт түлек-2021» форумы өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған іс-шара қонақтары ең алдымен аудандық Мәдениет үйінің алдында суреттер көрмесі мен робототехника саласындағы балақайлардың жеткен жетістігі мен өнерін тамашалады.

Айта кетсек, жерлестеріміздің өскелең ұрпаққа үлгі боларлық жомарттығы мен мәрттігін, қала берді туған жеріне, өскен еліне деген қомқорлығын қалың көпшілікке паш ететін ауқымды шараны аудан әкімі Рүстем Дәулет ашып, оған әр жылдары аудан мектептерін бітірген 130-ға жуық түлек шақырылды. Олардың қатарында физика-математика ғылымдарының докторы Мұхтарбай Өтелбаев, жазушы Несіпбек Дәутаев, аудандағы сан саланың дамуына үлес қосқан Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай, танымал меценат әрі кәсіпкер Қайрат Молдасейітов, кәсіби боксшы Марат Мәзімбаев, кәсіпкер, ауданның Құрметті азаматы Сәрсебек Салыбаев, кәсіпкер Сәрсенбай Солтанбеков, «КТК» телеарнасының тілшісі Гүлмира Әбіқай сынды танымал түлектер болды. Осы орайда айта кетерлігі, қонақтардың басым бөлігі кездесуге жеке келгенімен, бірқатары елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты форумға онлайн байланыс арқылы қатысып, ізгі тілектерін жеткізіп отырды.

Тәрбиелік мәні мол іс-шараның Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келгенін жақсылықтың нышанына балаған аудан басшысы Рүстем Дәулет, барша жиылған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, аталмыш форумның мән-маңызына тоқталып өтті.

«Халқымызда «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген нақыл сөз бар. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынып, ауданымызда жалғасын тапқан бүгінгі форум ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, өскелең ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға сүбелі үлес қосады деп сенемін. Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты да осы. Ең бастысы, жомарттығымен ерекшеленіп, жерлестерінің алғысына бөленген түлектердің табысты өмір жолын жастарға үлгі ету, елге белгілі қордайлықтардың туған өлкенің әлеуметтік мәселелерін шешудегі таптырмас тәжірибесімен бөлісу», — деді Рүстем Рысбайұлы.

Осы тұста форум қатысушылары сахна төріндегі экраннан физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаевтың жүрекжарды құттықтауы мен ізгі тілегін арнайы видеобайланыс арқылы тамашалады. Келесі кезекте сөз туған жерінің өзекті мәселелерін шешуге ауыздық болып, сансыз мәрте қолдау көрсеткен «Отау групп» компаниясының директоры Қайрат Молдасейітовке беріліп, жерлесіміз жиналғандарды онлайн трансляция арқылы құттықтады. Қаракемер ауылдық №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектептің түлегі, бүгінде белгілі меценат Қайрат Молдасейітовтың туған жерге жасаған жақсылығы жетіп артылады. Кәсіпкер өз қаражатына бір ғана Қордай ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 16 пәтерлі тұрғын үй, 110 орындық балабақша, күмбезі аспанмен таласқан мешіт, зәулім спорт кешені мен заманауи амбулатория салып, жерлестерінің алғысына бөленген. Осыдан кейін боксшы Марат Мәзімбаев, журналист Гүлмира Әбіқай, Сәрсебек Салыбаев, Сәрсенбай Солтанбековтерге сөз беріліп, жиын марапаттау рәсіміне ұласты.

Тарқата айтсақ, «Жомарт түлек-2021» форумы барысында «Сұлутөр» ШҚ басшысы Серік Ермеков, «Ақтас» ЖШС директорының орынбасары Владимир Подшибякин, жеке кәсіпкер Дүйсехан Қошалиев, «Нұр-Ал» ЖШС басшысы Дүйсенхан Онгелдиев, кәсіпкер Мұрат Өсербаев, жеке кәсіпкер Сәрсебек Салыбаев, жеке кәсіпкер Сәрсенбай Солтанбеков, «Благовещенка» ЖШС басшысы Өмірәлі Варшакидзе, жеке кәсіпкер Жұмахан Кәкетай, «Агробизнес колледжінің» директоры Жақсылық Сатылғанов, «Алмаз» ШҚ басшысы Жұмабек Ещиғанов, жеке кәсіпкер Құндызай Мейірманова, жеке кәсіпкер Лугмар Буларов, «Сұлтан Бейбарыс» ШҚ басшысы Біржан Құттықов, жеке кәсіпкер Рабия Джинлирова, жеке кәсіпкер Мәлік Нұрмахамбетов, жеке кәсіпкер Ержан Сатылғанов, жеке кәсіпкер Әлібек Омаров, жеке кәсіпкер, «OTAU строй» ЖШС бас директоры Әлімтай Молдасейітов, жеке кәсіпкер Нұрлан Орымбаев, жеке кәсіпкер Гейсыр Чешанло, «Алтын дән» ШҚ басшысы Жұмадин Тулақбаев, «Арба-ат» ЖШС директоры Сергей Сидоренко, «Жетіхан» ШҚ директоры Саят Жетібаев, жеке кәсіпкер Қанат Есалиев, Қордай аудандық мәслихатының хатшысы Нұрдин Садықов, «Элемир» ЖШС директоры Қалыш Молдажанов, «Әділет» ШҚ басшысы, аудандық мәслихат депутаты Рамиль Жатқанбай, жеке кәсіпкер Алим Малиев, жеке кәсіпкер Исмаил Уджур марапатталып, естелік сыйлықтар тарту етілді.

Айта кетсек, дәл осы күні №51 орта мектеп жанынан «Жомарт түлек» орталығы ашылды. Онда ауданнан шыққан жомарт түлектерге арналған тақтайша орнатылып, атқарған игі істерін, жеткен жетістіктерін баяндайтын ақпарат жазылған. Кездесуден кейін түлектер аудан басшысымен бірге аталмыш орталықты аралап шықты.

«Осындай танымдық мәні мол іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, ұрпақтар сабақтастығы әрі қарай да жалғасын табуы тиіс. Жұрт дегенде жұмылып, ел дегенде егіліп тұратын азаматтарымыз көп болғай! Көк Туымыз мәңгі көгімізде желбіреп, тәуелсіздігіміз берік болсын!», — деп кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Рүстем Дәулет түлеп ұшқан мекендерін ұмытпай кездесуге қатысқан қордайлықтарға сәттілік тілеп, алғысын білдірді.

Әлібек ОСПАНОВ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.