«Ел еркесі – Нұрғиса»

0

«Нұрғиса Тілендиев жазған ән-күйлер тыңдаушысын қуанта да алады, жұбата да біледі, толғандыра отырып ойландырады, әлдилей отырып әдемі әсерге бөлейді, онда атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік асыл қасиеттер, инабат иірімдері, мейірім мен рахым шапағаты жаныңды баурайды; онда мұқалмас жігер, қанаттандырар қайрат, ерлік пен өжеттік, ұлттық рух, намыс бар; меніңше, Тілендиевтің ән-күйлері бүгінгі тыңдаушысын қалай бейжай қалдырмаса, енді он, жиырма, жүз жылдан кейін де дәл бүгінгі құдірет күшін солай сақтайды; өйткені ол ықылым заманғы бабалар рухымен, арман – мақсатымен сабақтас».

Н.Ә.Назарбаев

Нұрғиса Тілендиев  1925 жылдың  1 сәуірінде  — Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылында дүниеге келген.  «Ағаш тамырына тартады, адам тегіне тартады», – дейді дана қазақ. Жақсыдан жаман тумаса керек, жақсылар тек жақсының ғана ұрпағы. Арғы атасы қобызшы Түктібай, әкесі күйші Тіленді, нағашысы Кенен Әзірбаев болса Нұрғиса атамызда қазақ өнерінің қайталанбас бір  ұлы болды.

Ол дүниеге келген Жетісу өңірі сұлулық қаққан жердің жәннаты ғана емес, өнердің жерұйығы болып саналады.  Жолбарыс ерткен Сүйінбай, Құлманбет, Майкөт, Үмбетәлі сынды ақындар, ән жырдың желмаясы атанған Кенен, Дәурен сал сияқты жылжыған жорға, жылмиған жүйрік дүбіріне иісі қазақ даласы құлағын түрген саңылақтар осы Жетісу өңірінен еді.

Әкесі Тіленді тыңдағанды тамсандырар күйші, қарағанды таңдандырар аңшы, он саусағынан өнері тамған тігінші, айтар сөздің майын тамызар шешен, сегіз қырлы өнерпаз болған.  Атағы алты Алашқа мәлім Жамбыл ақынның өзі: «Ізімді басқан сүйектес інім» деп Тілендімен жақсы араласқан екен. Нұрғиса төрт жасынан бастап жыр алыбы Жамбыл ақынның ән-күйін тыңдап алдында өскен.  Жамбыл атасы Нұрғисаға «Солақайға күй бітсе, қу ағашқа тіл бітеді», деуші еді бұрынғылар, «Бағын жансын», деп маңдайынан иіскеп, батасын беріпті.

«Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар» деп айтқан екен Жамбыл ақын.

Ал анасы Салиха ән салғанда ауылда құлақ түрмейтін жан қалмайды екен. Оған өнер Кенен ағасынан жұққан. Жетісу әуендері былай тұрсын, гармонь тартып, оған қосылып неше құбылған әндерді шырқаған Салиха да ортасының сүйіктісі болған.

Күйші-сазгер, ҚР Халық қаһарманы, дирижер Тілендиев көзінің тірісінде-ақ қазақ музыкасының сайыпқыраны атанған еді. Оның сазы талай тыңдарманның жүрегінен орын тауып, қазақ киносын әсем әуенмен әрлеген болатын.

Сазгер қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы.

Нұрғиса Тілендиев – халыққа кеңінен танымал «Алатау», «Құстар қайтып барады», «Әже туралы ән», «Өз елім», «Әке туралы жыр», «Саржайлау», «Кел, еркем, Алатауыма», Абайдың сөзіне жазылған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» ән-романстарының, «Ата толғауы», «Көш керуен» көптеген күйлердің авторы. Оның оркестрге арналған «Махамбет», «Арнау», «Жеңіс салтанаты» сияқты көлемді поэмалары бар.

Нұрғиса Тілендиев тұңғыш рет қазақтың төл музыкасын төл аспаптарымен оркестрлік үлгіде дыбыстау арқылы, әрі қалай дамытудың тамаша үлгісін көрсетті.  1981-1998 жылдары тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде бас дирижер қызметін атқарды.

«Отырар сазы» Қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі. Қазақ филормониясы жанынан 1980 жылы құрылған. Оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Нұрғиса Тілендиев басында шағын ансамбль ретінде ұйымдастырып, 1982 жылы оркестр санатына көтерген.

Оркестрдің құрамында домбыра мен қобыздан басқа қазақтың жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, т.б. саз аспаптары бар. «Отырар сазы» репертуарындағы фольклорлық туындылармен қатар аңыз, шежіре, күйлер сипатында жазылған Қазақстан композиторларының шығармалары ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Сондай-ақ оның репертуары кинофильмдер музыкасымен, солистер орындайтын аспаптық шығармалармен толықтырылған. Ұжым қазақтың музыкалық фольклорының тамаша үлгілерін сақтап қана қоймай, қазіргі мәнерлеу аспаптары мен оркестрдің тембр мүмкіндігіне сәйкес келетін туындыларды өңдеп, жетілдіріп келеді. Оркестр құрамында 65 өнер шебері қызмет етеді. Солтүстік Кореяда өткен дүниежүзілік өнер фестивалінде (1994 жылы) «Отырар сазы» 1-орынды иеленіп, алтын жүлдемен оралды. 1999 жылы оркестрге Нұрғиса Тілендиев есімі, 2000 жылы Академиялық атақ берілді. Оркестрдің репертуарында: халық күйлері – «Кеңес», «Сары өзен», «Сал күрең», халық композиторларының шығармалары «Қосбасар», «Сары жайлау», Тәттімбеттің «Сылқылдағы», «Ерденнің күйі», Ықыластың «Қамбар батыры», М. Төлебаевтың «Еске алуы», Н. Тілендиевтің «Ата толғау», «Көш керуені», К. Күмісбековтың «Қорқыт күйі», «Фараби сазы» және т. б. бар.

Кейінгі ұрпағына осындай тамаша туындылар, ерлік пен өжеттілікке, адамгершілікке, сүйіспеншілікке тәрбиелейтін ән-күйлерін қалдырған Нұрғиса мәңгілік, ол өлген жоқ. Оның әндері мәңгі шырқала береді.

 

 

Кенен мен Нұрғиса шығармашылығының үндестігі

Қазақтың жүз жылда біртуар тұлғасы, халқымыздың аса дарынды ақын-сазгері, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі, қазақтың ұлттық мәдениетіне, әдебиетімізге қосқан үлесі мол Алатаудың ақиығы атанған халық ақыны Кенен Әзірбаев ғасырға жуық ғұмыр кешкен, өзі өмір сүрген замандағы әйгілі «маусым жарлығы», сонымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, одан соңғы Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, халықты қынадай қырып кеткен ашаршылық, репрессия, соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар салу барысындағы халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Жай сырттай бақылаушы емес, сол тарихи оқиғаларға Кенен Әзірбаев сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды. Бұл ретте, Кенен Әзірбаевтың әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, оның өлеңін де өзі туындатып, бұған қоса асқан шеберлікпен өзі орындаған біртуар дарын иесі. Сондай-ақ, екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында оңдаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастандарды таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, халықтың рухани ұйтқысы болған тұлға. Ол ән мен жырдың кенші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы. Кенен Әзірбаевтың  дарын тегеуріні қазақтың ән өнерін әуендік интонациялық жағынан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биіктерге көтеріп, тақырып аясына тарихи-әлеуметтік тың мазмұн дарытып, соны өрістерге алып шықты. Оның «Бозторғай», «Көкшолақ», «Ой, бұлбұл», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады. Бұл әндердің қай-қайсысының да астарында уақыт тынысына қоса, ең алдымен Кенен Әзірбавтың өзінің тарихи түйсік-зердесі, жалтағы жоқ болмысы аңғарылады. Мәселен, 16-шы жылғы толқудан көп бұрын дүниеге келген «Ой, бұлбұл» өлеңінде бұлбұлмен мұңдаса отырып, «Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деген сөзді айту үшін ыза-кекке қоса, сол кездегі іріп-шіріген саяси ахуалды түсінетін көреген зерде керек қой. Немесе, күндей күркіреген Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Алатаудың ақ иық қыранындай саңқылдап, «Біздің Отан жеңеді!» деп жар салуы – ерге лайық жалтақсыз сенімнің, ақынға лайық оптимизмнің, ақылгөйге лайық көрегендіктің айғағы болса керек.

Көңілді күйге бөлеп, дарқан даланы асқақ әнімен тербеткен, сөз маржанынан асыл ойлар тұндырып, телегей теңіз жыр тудырған талантты халық ақыны, айтулы әнші, көрнекті композитор, ел еркесі Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Дәурен сал дәстүрін ілгері дамытқан өнерпаз, сал серінің соңғысы Кенен Әзірбаев секілді Нұрғиса Тілендиевте қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Бұл ретте, Нұрғиса Тілендиев, қазақтың музыкалық дәстүріне табанын нық тіреп тұрып, өзінің арман аңсарын еш жасқанбастан дыбысқа айналдыра білді. Ол өз заманының музыкалық танымын терең игерген кәсіпқой музыкант бола тұра суырыпсалмалық дәстүрді ұдайы шабыт тұғыры етіп отырды. Былайша айтқанда, көргенді күйттеп, естігенді жаттап отыратын оркестрлік қасаңдыққа Нұрғиса Тілендиев буырқанған шабыт еркіндігін дарыта білді. Ол өз үнін көп дауысқа тұншықтырмай, өз лебізін көп даңғазаға ілестірмей, қазақтың дәстүрлі музыкалық тіліндегі дарашыл қасиетті тәу етіп өтті. Композитор, дирижер, орындаушы ретіндегі ойы көпке ортақ, тілі көпке түсінікті. Егер, салсерілер өнері адамның жан жүрегіне бағытталуымен дараланса, сол ұлы дәстүр сазгердің де барша шығармашылық болмысында аста-төк болып, шалқып шашылып жатты. Оның ұлы таланты қазақтың күйі мен әнін біріктіріп, елінің арманы мен мұның, көңіл күйін арқалады. Дәл осы тұрғыда Нұрғиса қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан тек қана өзіне тән профессионализмді қалыптастыра алды.

Міне Алатаудың  ақиық ақыны Кенен Әзірбаев пен ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларының үндестігі де осында. Екеуі де өзінің барша қабілет-дарынын халқының рухын асқақтатуға арнады. Бұл жолда олар халқымен етене тіл табысып, халқының сырласы да, мұңдасы да бола алды. Олардың музыкасы баланың да, дананың да жүрегіне жол тауып, дүйім жұрттың рухани жан серігіне айналды.

Айгерім Джуматаева,  

Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің қызметкері

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.