ЕЛДІК НЫШАНДАР – АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ АЙҒАҒЫ

0

Тәңір сыйлаған тәуелсіздігін тұғырына қондырған Қазақстан 1992 жылдың 4 маусымы күні мемлекеттік рәміздерін бекітті. Осынау тарихи сәт жыл сайын «Мемлекеттік рәміздер күні» ретінде аталып өтіп жүр.

Талай алқалы басқосулар мен дүбірлі додаларда күн астында қыраны қалықтаған Көк байрағымыз желбіреп, Әнұранымыз қалықтап, ерекше Елтаңбамызбен әлемге танылып келеміз. Азаттығымыздың айғағы саналатын ел рәміздеріне биыл 30 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай мемлекеттік символдардың шығу тарихы мен оларға қатысты қызықты деректерге шолу жасауды жөн көрдік.
1992 жылдың басында Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын дайындауға байқау жарияланып, оған 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік туды жасауға барлығы 1200 өтінім келіп түскен. Қатысушылардың қатарында қазақстандықтармен қатар, шетел азаматтары да болды. Алайда олардың көпшілігі сыннан өте алмаған екен. Мемлекеттік тудың үлгісін жасауға әйгілі суретші Шәкен Ниязбеков кіріседі. Қазір баршамызға белгілі көк түсті туымыз бірден осындай қалыпта болған жоқ. Алғашында Туда қызыл түс қолданылып, кейінірек оны алтын түс алмастырған. 30 жылдық тарихында Көк байрағымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына, тіпті ғарышқа да тігілді. Атап айтсақ, 2011 жылы Қазақстан Республикасының Туы Антарктидада тігілсе, 2015 жылы қазақстандық шаңғы экспедициясы байрағымызды Солтүстік полюс – Арктикаға орнатты. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына қарсы Н.Назарбаев Мемлекеттік Туды Іле Алатауының «Абай» шыңына шығарды. Сонымен қатар, 2012 жылдың 23 ақпанында қазақстандық Андрей Гундарев Оңтүстік Африканың ең биік нүктесі «Охос-дель-Саладо»-ны бағындырып, қазақстандық Ту осылайша әлемдегі ең биік жанартаудың төрінен табылды. 2014 жылы қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев Солтүстік Американың ең биік тауы — «Мак-Кинли» шыңына шығып, онда да қазақстандық туды орнатты. Қазақстанның Туы сондай-ақ Батыс Еуропаның ең биік нүктесі «Монбланға» көтерілген. Еліміздің Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Әнұраны бүкіл әлемнің ең биік шыңы — Эвересте көтеріліп, шырқалған.
Ел тәуелсіздігін айшықтайтын тағы бір нышан – Елтаңба. Символдарды дайындауға байқау жарияланған шақта оның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі ұсынылған екен. Елтаңба тек эстетикалық талаптарға жауап беріп қоймай, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Қатысушыларға жас егеменді мемлекеттің саяси мақсатын нақты көрсететін көркемдік шешім табу қажет болды. Бұл қазіргі Елтаңбамыздың авторлары, белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың қолынан келген іс болды. Елтаңбаның тарихына қатысты қызықты деректер де жоқ емес. Оның авторларының бірі Шот-Аман Ыдырысұлы Елтаңба жасау ісіне еліміз Тәуелсіздігін ресми түрде жарияламай тұрып-ақ кіріскен екен. Дәлірек айтсақ, 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендігіміз туралы декларация қабылдаған соң артынша Жоғарғы Кеңесі Төралқасының шешімімен Қазақ КСР-інің Елтаңбасына, Туы мен Әнұранына өзгерістер енгізу туралы ұсыныс дайындау бойынша жұмыс тобы құрылады. 1991 жылғы 15 қаңтарда республиканың мемлекеттік рәміздерінің ең үздік үлгісіне байқау жариялау туралы шешім қабылданады. Сол уақыттан бастап Ш.Уәлиханов Елтаңбаның алғашқы нұсқаларын жасай бастаған. Ал 1991 жылы егемендік алмай тұрып Т.Әубәкіров ғарышқа ұшарда қазіргі Елтаңба негізіндегі төсбелгіні кеудесіне тағып үшыпты. Бұл жайында Елтаңба авторы Ш.Уәлиханов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында былай дейді: «Ғарыш кемесі көкке көтерілерден бірнеше күн бұрын мен ғарышкерлерге сәтті ұшып қайтудың тарихи белгісі болсын деген ниетпен өз жұмысымның бір нұсқасын сол кездегі Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Қ.Сұлтанов арқылы берген едім. Сол нұсқада ыстық ұядай Отанымыздың белгісі ретінде шаңырақ пен екі қанат бейнеленген еді. Ол қанаттар біздің елімізді аспанға, заңғар биікке көтерген халқымыздың қанатының белгісі еді. 1991 жылы қазанда Тоқтар Әубәкіров сол белгімен ғарышқа сапарлап қайтты. Республика Елтаңбасының алғашқы нұсқасы деп дәл сол төсбелгіні тану керек». Еліміздің елтаңбасының алғашқы нұсқасы Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті пайда болмай тұрғанда-ақ осылай дүниеге келген екен.
Ал Қазақстанның Әнұранына келер болсақ, ол осыдан он алты жыл бұрын, яғни 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды. 1992 жылы таңдалған тұңғыш Әнұран халықтың арасында кең тарай қоймаған. Сол себепті оны ауыстыруға шешім қабылданып, 1956 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» атты рухты ән ресми түрде Қазақстанның Әнұранына айналды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оның мәтінін заманға сай бейімдеп, түзетулер енгізді. Осылайша бұрыннан халық жүрегінен орын алған Шәмші Қалдаяқовтың әні әр қазақстандықтың балабақшадан бастап үйреніп, халықаралық аренада да шырқайтын басты әніне айналды.
Сайын даланы мекен еткен жұртты біріктіретін нәрсе – Отанға деген махаббат болса, сол махаббаттың бір белгісі – Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет. Елдің ел екенін танытар рәміздерге деген құрмет анығында балабақша мен мектеп қабырғасынан басталады. Балғын бүлдіршіндердің, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің қолын жүрек тұсына қойып, қазақ елінің әнұранын шырқағанда ішіміз жылып, жігеріміз арта түсетіні рас. Халқымыздың айбарын асқақтатып, бойына ұлтжандылық дарытатын нышандар төрімізден түспей, тұғыры биік болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.