Электронды оқулықтың ертеңі зор

0

Биылғы күзде еліміздің мектепте білім беру жүйесіндегі тағы бір жаңашылдық төңірегінде айтыс-тартыс өрбіді. Нақты айтсақ, Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, стандартты мектеп оқулықтарын электронды оқулықтарға ауыстыру жобасын әзірлеу үстінде.

Мамандардың айтуынша, оқушы сөмкесінің шамадан тыс ауырлығына байланысты бұл бастама Үкіметте көптен бері талқыланып келеді. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, қазіргі кезде Қазақстандағы әрбір үшінші балада сколиоз немесе омыртқаның басқа да ақауы бар. Себебі, бүгінде бастауыш сынып оқушысы сөмкесінің салмағы нормадағы 3,5 килоның орнына орта есеппен 5-7 килодан келеді.
Оқу-ағарту министрлігі бұл шешім тым ауыр портфель мәселесін шешумен қатар, оқу процесін жақсартуға, балалардың ерте жастан компьютерлік сауаттылығын дамытуға, олардың Азия мен Еуропаның дамыған елдерінің үлгісімен цифрлық гаджеттермен жұмыс істеуге бейімделуіне ықпал ететінін мәлімдейді.
Біз өз тарапымыздан тағы бір қызықты нәрсені білдік. Қазақстанда еуропалық мамандардың көмегімен жасалған «TopIQ.KZ» сапалы білім беру платформасы қазірдің өзінде бар екен. Бұл жобаға 23 жылдан бері мектеп оқулықтарын шығарып келе жатқан «Алматы кітап баспасы» баспа компаниясы бастамашы болған екен.
«Алматы кітап баспасының» бас директоры Гауһар Саймасаева: «Біз заман ағымына ілесіп, цифрландырудың білім саласына да еніп келе жатқанын анық түсінеміз. Бүкіл өркениетті әлемде білім беру модульдері қазірдің өзінде 100 пайыз цифрландырылған және бұл бірқатар артықшылыққа ие. «TopIQ.kz» платформасы – білім беру жүйесіндегі жаңа стандарт. Балалардың аудио және видео файлдарды пайдалана отырып оқуларына мүмкіндік туады, ойын, интерактивті нысан және т.б. жиі қолданылады», дейді.
Бірақ тұтастай алғанда, «TopIQ.KZ» баршаға үйреншікті, тек электронды нұсқадағы мектеп оқулығы екенін атап өткен жөн. Бұл платформа қазірдің өзінде еліміздің кейбір өңірлерінде қолданылып отыр және мектептер мен мұғалімдер арасында күннен-күнге танымал бола түсуде. Мамандардың айтуынша, электронды оқулықтың тағы бір артықшылығы – білім беру мазмұнын тез жаңартып, түзете алатындығы.
Қазақстан цифрландыру жолымен қарыштап алға басуын жалғастырып келеді. Ал біздің осы саладағы ертеңгі жетістіктеріміз балаларымыздың бүгінгі білім алуынан басталатынын түсіну маңызды. Біз осы мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын мұқият қадағалайтын боламыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.