Ерекше балалар ертеңгілік өткізді

0

Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында мамандар мен аналардың қатысуымен Отбасы күніне орай «Асыл ана-ұрпаққа ұлағат» тақырыбында  ерекше  мерекелік іс-шара өтті.

Жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде елімізде Отбасы күні аталып өтеді. Бұл күн – отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, бірлік пен татулықтың маңызын насихаттайтын ерекше мереке. Бұл – әр шаңыраққа жылулық сыйлап, ата-ана мен бала арасындағы махаббатты арттыратын мейрам. Отбасында алған тәрбие – баланың болашақтағы тұлғалық дамуының негізі.

Мерекелік бағдарламада балалар мен ата-аналар және мамандар бірлесе өнер көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеді. Іс-шараның басты мақсаты — отбасы мен ұлттық тәрбиенің маңызын арттыру, ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру, ата-аналарға рухани қолдау көрсету болды.

Іс-шара барысында қатысушылар өздерін таныстырып, сахнада сән үлгілерін көрсетті. Әр отбасы ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдарын таныстырып өтті, байқау барысында ұлттық тағамның бірі бауырсақ пісіріп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Мерекелік күн отбасылардың бірлігін, мейірім мен махаббатты насихаттай отырып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталды. Іс-шара соңында қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Аталған байқауға қатысып, белсенділік танытқан Хазиева Алина, Айтмухамет Анаркүл, Нұралы Айжан, Жумабекова Нұржанға мың алғыс.

Мұндай іс-шаралар балалардың шығармашылығын дамытып, олардың өмірге деген сенімін арттырады, ана мен баланың арасындағы байланысты күшейте түседі. Әр ана үшін өзінің баласының сахнада өнер көрсеткенін, қоғам алдында өзін ұстай білетіндігін көру -бір бақыт.  «Бақытты отбасы – жарқын болашақтың кепілі» деген ұранмен өткен бұл күн барлық қатысушылардың жүрегінде жылы естелік болып қалары анық. Татулық пен өзара түсіністікке негізделген берік отбасы – бақытты қоғамның кепілі. Сондықтан әр отбасы мейірімге, сыйластық пен махаббатқа толы болғай!

Н.Жаманкулова, Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.