Өткен аптада ауданнан сексен шақырым жердегі Гвардейский қалашығында Ауған соғысында және Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдар барысында қаза болған жауынгерлерге арналған мемориалдың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қолға алынған айтулы шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қайдар Қарақұлов, 40-шы «Отар» әскери базасының бастығы, полковник Талғат Уразалиев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының мүшелері, Ауған соғысы және Тәжік-Ауған қақтығысының ардагерлері қатысты.
Қонақтар ең алдымен Кеңес Одағының батыры, ҚР Тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, алып тұлғалы азаматтың рухына тағзым етті. Содан кейін қалың көпшілік жаңадан бой көтерген мемориалдың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Жайқалған жасыл желекті саябақтың қақ төрінен орын алған нысан, шын мәнінде, алыстан көз тартады. Қоңырқай қызыл түсті мәрмәр тастан көтерілген тұғырдың дәл ортасына әскери техника қойылса, қос қапталына сол бір сұрапыл жылдары жер жастанған офицерлер мен сарбаздардың есімдері қашалып жазылған. Мұнда 1992-2001 жылдар аралығында тәжік-ауған жерінде қақтығыста қаза болған Гвардеский және Сарыөзек гарнизондарының, Ұлттық ұлан және ҰҚК Шекара қызметінің жауынгерлерінің есімдері бар. Естеріңізге сала кетек, осы уақыт аралығында он мыңнан астам қазақстандық әскерилер жауынгерлік міндетін орындаған. Олардың үш мыңнан астамы ҚР Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілері болса, жеке құрамның жартысына жуығын Қазақстандық жеке атқыштар құрама батальоны құрады. Ал, бұл бөлімшенің кейіннен Отар және Сарыөзек гарнизондары болып тарқатылғаны көпшіліктің әлі есінде.
Салтанатты жиын барысында Бақытбек Смағұл, Талғат Уразалиев, Дамира Сүгірбай, ардагерлер мен Тәжік-Ауған қақтығысында қаза болған жауынгерлердің туыстары мен қарулас достары сөз алып, игі істің ұйымдастырушыларына алғысын айта келе, ұрпақтар сабақтастығына негіз болған іс-шараның еліміздің тұтқасын ұстар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі мәні мол екенін атап өтті.
Келесі кезекте ұйымдастырушылар мемориал құрылысының басы-қасында болған және кездесуге қатысқан бірқатар азаматтарды төсбелгі және алғыс хаттармен марапаттады. Осылайша, ел қорғаны үшін жанын қиған жаужүрек бауырларының рухына тағзым етіп, ұрпақтар сабақтастығына үн қосқан іс-шара соңы арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты.
Әлібек ОСПАНОВ