ЕШМҰҚАМБЕТ МОЛДА

0

Ноғайбай Даулетбақұлы қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі. Шу өзенін тел емген қазақ-қырғызға аты мәшһүр тұлғаның жанында небір жайсаңдар болғаны тарихтан мәлім. Қазіргі таңда Ноғайбай туралы кітап та шықты, республикалық басылымдарда көптеген мақалалар жарияланды, жариялана да жатар. Дегенмен, осындай ірі тұлғалардың жанында жүрген үзеңгілестері жайлы кемшіліктерді жою мақсатында Сәметайұлы Ешмұқамбет жайлы мақаламды ұсынып отырмын.

Ешмұқамбет Сәметайұлы Тілеуімбет руының Ердаулысынан тарайды. ХІХ-ғасырда өмір сүріп, артында аңыз әңгімелер өрбіген тұлға. Мендегі бар қолжазба мен Сұлутөр өңірінің қарттарының айтып кеткендеріне қарағанда, нақтырақ айтатын болсам Қадыкенов Мүкіди, Байғожаұлы Егембердінің қолжазбасы мен Ысқақов Құрмантай, Бәзілов Нұрланқұл т.б ақсақалдарымыздың айтулары бойынша Өзбекстандағы Бұқара қаласынан мұсылманша оқу оқып келген. Ешмұқамбет молда Қырғыз-қазаққа танымал Ноғайбай бидің үзеңгілес серіктерінің бірі, оның замандасы. Ешмұқамбеттің «Қызылғұр» өңірінде мешіті болған, арабша сауаты болғандықтан сол мешітте алғашқылардың бірі болып ауыл балаларын оқытқан, кейіннен 1910 жылдары Мало-Архангельскіде, қазіргі Сұлутөрде бастауыш төрт сыныптық қазақ мектебінде дәріс берген.

Жоғарыда айтып өттік Ноғайбай бидің үзеңгілес серігі болғанын. Қырғыз елінің білім беру саласы мен кейіннен елшілігінде көптеген жыл қызмет істеген Ысқақов Құрмантайдың естелігіне жүгінсек, Ешмұқамбет молда жаратылысынан   шағын денелі, шапшаң қимылдайтын, білімді болған. Бірде, Ноғайбай би бірнеше жолдас-жораларымен Верныйдағы Қожамберді байдың үйіне түседі. Ноғайбай бидің келгенін естіген қаланың игі-жақсылары да түгел жиналып қалады. Төрде отырған Ноғайбай босаға жақта отырып қалған Ешмұқамбетке: «Кел мұнда»-деп оң жағын нұсқайды. Сол арада Ешмұқамбет шапшаң қимылдап орнынан тұра сала, Ноғайбайдың оң жағынан қысылыса келіп жайғасады. Оны жақтырмаған Ноғайбайдың оң жағында отырған Мұстафа атты ноғай көпесі: «Ноқа, шегірткенің айғырындай осы көсені дәріптейсіңде жүресің, себебі неде осы», — десе керек. Сонда үлкен табақтағы етке қол сала бастаған Ноғайбай: «Ей, Мұстафа, сен де айтады екенсің, Ешмұқамбеттің білімі сенен артық болмаса кем емес. Сен менің жанымда бірде барсың, бірде жоқсың. Ертең шаруамыз біткен соң Сұлутөрге қайтамыз, жол жөнекей бес уақыт намазымызды оқымаймыз ба? Намаз кезінде Ешмұқамбет біздің алдымызға шығады имам болады, ал біз еріп келген оншақтымыз соған ұйып намазымызды оқимыз жамағат болып. Міне, мәселе осында, сыйлас достығым және бар», — деген екен. Сөйтіп, жиналып ет жеп отырған игі-жақсылар Ноғайбайдікі жөн депті.

Ешмұқамбет молданың аты Шөже ақынның жырында да кездеседі. Шөже Қаржаубайұлы жайында қысқаша мәлімет беріп өтсем, ол ақынның түбі қырғыз. Кезінде 1773 жылы Абылай хан қырғыздармен соғысқанда «Жайыл» қырғынынан кейін Арқаға жүз қырғызды аманаттап алып кетеді. Аманаттап алып кеткен Қаржаубайдың баласы, 1808 жылы туып,1895 жылы қайтыс болған. Шоқан Уалиханов атындағы тарихи институты мен М.Әуезов атындағы институтың архивтерінде Шөже ақынның Қалдыбай, Кемпірбай ақынмен айтыстары т.б өлеңдері сақталған. Соның бірі: «Шөженің Ноғайбайға айтқаны».

Шөже ақынның жырына тоқталсақ, Шөже ақын Верныйға (Алматыға) сонау Арқадан келеді. Ноғайбайда ояз шақыртқанан кейін серіктерімен келеді, «ел құлағы елу» дегендей, елден естіп оны іздеп Шөженің өлең айтып отырғанының үстінен түседі. Ноғайбай мен Ешмұқамбет Шөжемен қол алысып амандасқан екен. Сонда Шөженің Ноғайбай мен Ешмұқамбетке айтқаны:

…Арғы атаң ер Ноғайбай, би Малдыбай-

Несібеңді жаратқан патша Құдай.

Ақылың жас болсаң да дариядай,

Елге мирасқор боларсың мұнан былай…

…Қараған абақ, тарақ таңдайыңа.

Кетпейтұғын мал берген маңдайыңа.

Төрт дулаттың баласы бас қосқанда,

Қақпайды еш бір адам шаужайыңа.

Қасқарау, Тілеуімбет һәм Бәйімбет!

Молдасы екеуінің Ешмұқамбет.

Көрмесем де бар еді естігенім:

Тақсыр молда жүрмісіз сау-саламат

Жиырма тоғыз әріптен оқыдың сен,

Әріп жағын азырақ айтайын мен:

Кітап Құран қолыңда — молда дейді,

Ақ таныған бұл ісің Құдайға жөн.

Ешмұқамбет Сәметайұлының қатысқан шоқтығы биік оқиғаларының бірі Ноғайбай би мен арғын Ақмайдың некесін қиюы. Қазіргі таңда баспа беттеріндегі естеліктерде және архивтен табылған құжаттарда Ақмайдың Ноғайбай биге күйеуге шыққаны туралы көп айтылады. Ақмайға дейін Ноғайбайдың үш әйелі болған. Олар: біріншісі — Ысты руының қызы Күріш, екіншісі — Ботбайдан тараған атақты Байсейіт батырдың қызы — Әсел, үшіншісі — қырғыздың манабынан Ажар. Төртіншісі Ешмұқамбет некесін қиған атақты Құнанбайдың немере келіні, яғни Құдайбердінің баласы Әмірдің жесірі. Әмір сал-серілік құрып жастайынан қайтыс болады. Жесір қалған Ақмайды екі қатыны бар қайнағасы Зорықпайға қоспақшы болады, оған көнбеген Ақмайды оның тоғыз жасар баласына атастырып қояды. Ақыр аяғында қорлыққа көнбеген ол Қаскелеңдегі туыстарына келіп Ноғайбай бимен танысып, бірін-бірі ұнатады. Осы аталмыш оқиға жайында Ақмайдың Қоныспай руынан тараған Байғожаұлы Егембердіге берген сұхбатында: «Мен Құнанбай қажының үлкен бәйбішесінен туған Құдайбердінің келіні едім. күйеуім алғаннан кейін көп ұзамай өліп қалды. содан жылдан асып отырып қалдым, мен тие қоятын жастардың жөні келмеді. Абай кіші енемнен туған. Бірақ өз атам Құдайбердінің інісі қайнаға болғанмен жолы атаның інісі болса да, көңіліне алса тием деген ойда болдым. Абай маған қарамады. Өзіме ұнаған адамым алмаған соң, басқа адамға күйеуге тигім келмеді. Ақыр аяғында мені күйеуіммен бірге туған ағасы Зорықпай деген екі қатыны бар кісіге қоспақ болды. мен қол-аяғымды байлап, басымды қазір кессеңдер де тимеймін дедім. Болмаған соң қайнағамның сегіз-тоғыздар шамасындағы жас баласына атастырып қойды. Құнанбайдан тайсалған арғын-найман жақындай алмады, төркінім де шығарып алмады. сол атастырған баланы бағып отыра бердім. Бала он алты, он жетіге келгенше күтіп қарайладым. ол маған қарамады. қарағысы да келмеді, қашқақтап жүрді. Енді баладан күдерімді үзіп, Құнанбайдың қолы жетпес жерге кетпек болдым. Әуелі ұлы жүзде мойны озған Ноғайбай, қырғызда Шәбден бар – деп еститінмін. Сол екеуінің біреуінің етегінен ұстасам Құнанбай мені қайтарып ала алмайды деген ойға келіп жол жүрмекке қамдандым. Қоржынға азық-ауқат пен киімдерімді салып даярлап, енші малымыз бөлек жылқышыға келіп кешке торжорғаны алып келуін өтіндім. Түн ортасы ауып, ел ұйқыға бас қойғанда күйеуімнен қалған тұмақ, саптама етік, шапандарын киіп шашымды төбеме түйіп, әйтеуір неде болса тәуекелге салып жолға шығып кеттім. Түнімен суыт жүріп, түс ауған шақта бір бұлаққа келіп атымды шалдырып, сусын ішіп демімді алғанан кейін ары қарай жүріп кеттім. Үш-төрт белді асқаннан кейін екі салт адам кездесе кетті. Салт аттылармен біраз жерге дейін бірге жүрдім, еркекше киінген әйел екенімді біліп қойып, астымдағы атымды тартып алмақшы болды. Қанша сес айтқаныммен қоймады. Мені жаяулатқанда не табасыңдар, онан да мына атымның құнын берейін деп оларға жиырма бес сом ақша бердім де Аягөзге қарай жүретін жолдың жәйін анықтап біліп алдым. Қатаң жүріспен жүріп отырып жолда екі ауылға түнеп, үшінші күні Аягөзге қонаға жеттім. Ертесіне базарға жорға атымды сатып, поштаға келіп ақшасын төлеп, поштамен Талдықорғанға жетіп алдым. онан жүрген кіреге түсіп Верныйға келдім. Верныйдың үлкен базарына келген соң, сондағы тұрған бейіс алтын қарияларға амандастым. Олардың ішінен біреуі келіп жаныма отырғаннан кейін, үстімдегі киіміме қарап: «Киімің арғын пормалы екен, қай жерден боласың?» – деді. Мен Семей жақтан келгенімді, Ноғайбайды іздегенімді айттым да табуға көмектесуін өтіндім, оның сұраулы жүзіне тығыз шаруам бар еді – деп қана қойдым. Осы қария мені бір жастау кісіге ертіп апарып, шаруамды айтқаннан кейін, бір үйдің қақпасының алдына алып келіп тастап кетті. Бұрын-соңды көрмеген әдемі, зәулім қақпаны қағып едім аржағынан бір жас әйел шығып есік ашып, жол бастап зәулім үйде отырған бәйбішенің алдына ертіп әкелді. Бәйбіше үсті-басыма көз жүгіртіп, алыстан келгенімді және Ноғайбайды іздеп жүргенімнен құлақдар болғаннан кейін жас әйелге мейманханаға апар деп бұйырды. Мейманханаға бармас бұрын еркек киімдерімді шешіп, қоржынымнан өзімнің киімдерімді алып киіп алдым. Бәйбішеге Ноғайбай мен Шәбденді іздеп жүргенімді жеткіздім. Көп ұзамай үйдің иесі Әбсемет пен нөкерлерімен Ноғайбай да келді. Бәйбішеден мән-жайды білген Әбсемет менімен жеке сөйлесті, бетімнен қайтармақ болды. Бірақ, тағдырдың жазғанын көрермін – деп бой бермей қойдым.

Әбсемет қонақтардың асын бергеннен кейін Ноғайбайды мен отырған бөлмеге ертіп келді, жағдайымды толық білгеннен кейін Ноғайбай: «Ата әруағының дабысына келіп қапсыз, менің үш әйелім бар, әйелің көп екен десең, ер жетіп тұрған балаларым бар, ия десең солардың біріне қосайын» – деді. Сонымен бірге, Ноғайбай ағаңның: «Сіз қызықсыз, Шәбденді де ойланып келген екенсіз, бір көріп байқайын деп отырсыз ба?» – дегеніне:

– Олай емес, атам ұлы жүз Үйсін әруағынан аттай өтіп, сізді жаратпаған кісіше, ойлауым дұрыс бола ма? – дедім. Әңгіме осы жерден бітіп, ертең бір жауабын берермін – деп тарқасып кеттік. Таңертеңгісін шай ішіліп болғаннан кейін Әбсемет кешегі әңгімені тағы қозғады.

Мен сенің Ноғайбай ағаңа өз шешімімді былай жеткіздім: «Сіздің әйеліңіз неше болса да ұлы жүздегі атыңызға мәшһүр болып келгендіктен өзіңізге тиемін Ноқа, ол әйелдерге келініндей қызмет істеп жүре беремін, бала дейсіз, өзім сондай баладан қашып келіп отырған жоқпын ба?» Осының бәрін мұқият тыңдап отырған Ноқаң: «Ия, айтқаныңның жөні бар олай болса, ата-бабамыздың жоралғысымен әруақтарға арнап құдайы тамақ беріп, некемізді қидырайық. Әсел бәйбішеге осы жайтты айтып, адам жіберейік» – деп Токуш деген балаға керекті заттарын базардан алып беріп, бүтіндеп, Әселге жұмсап жіберген еді. Бір-екі күннен кейін Ноғайбай ағаңның топтағы жұмысы бітіп, жолдас-жораларымен Сұлутөрге жол тарттық. Жол-жөнекей ауылдарға түстендік. Ноғайбай ағаң халықтың адамы екен, тосып алып жатқан халық көп болды. Шұбарбайтал асуынан асып Сұлутөрге аяқ басқанда Әсел бәйбішенің өзі үй тіктіріп тосып алды. қазақ рәсіміне сәйкес шашу шашты. Бұқарадан оқып келген Тілеуімбет руының Ешмахамбет молдасына некемізді қидырды, ақ отауға кіргізді. Керекті нәрселердің бәрін дайындатыпты, есімде қалғаны әдемі жинақы киіген қыз-бозбалалар көп болды. олар Верныйдан бірге келе жатқан қонақтар мен құтты болсын айтқандарды құрақ ұшып қарсы алды», — деп өзінің оншақты жыл бұрын Қасқарау еліне келін болғаны жайлы баяндады.

Кейіннен ақын Абай   осы келіні болған Ақмайды көріп қайтуға ат терлетіп Сұлутөрге келгенде Қасқараудың бетке ұстар игі-жақсыларымен бірге Ешмұқамбет те Ноғайбай бидің ауылына ақынға сәлем бере келеді.

1894 жылы Қазан қаласындағы М.А. Чирков баспаханасынан Шамсалдин Хусаиннің қаражатымен шыққан «Әм Қасқарау-Ноғайбай» атты хиссада да Ноғайбайдың   Ақмайға үйленгені жайлы айтылады.

Жандарбек ҚАРАБАСОВ, Алаштанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.