2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Еуро хаттама» бағдарламасы іске қосылды. Бұл ұсақ жол-көлік апатына тап болған жүргізушілердің ымыраға келуіне мүмкіндік береді.
Тек қос жүргізуші темір тұлпарын сақтандырып, апаттан зардап шеккен адам болмаса, әрі келтірілген шығын 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса болғаны. “Еуро хаттама” толтырғанда жол көлік апатына кінәлі жүргізуші қателігін мойындауы шарт. Жаңа қосымшаны кәдеге жаратып жатқан жүргізушілер аз. Жыл басталғалы әкімшілік сотта қаралатын жол көлік апатына байланысты істердің саны артыпты.Тың жаңалық екі жүргізушінің уақытын үнемдеп, істі сотқа жолдамай, полиция қызметкерлерінің тергеп-тергеу жүргізбеуі үшін таптырмас мүмкіндік деп хабарланған еді. Алайда іс жүзінде мобильді қосымшаны пайдаланып, кәдеге жаратқандар аз.
Жаңа жобаның мақсаты әкімшілік өндірісті электронды форматқа ауыстыру болып табылады. енді жол қауіпсіздігі ережесін бұзғаны үшін хаттаманы толтыруға адамның ЖСН енгізуі жеткілікті, қалғандарын жүйенің өзі тауып береді. Мемлекет басшысы Жолдауында цифрлы технологияны жетілдіруді тапсырған. Сол себепті хаттамаларды электронды ресімдеу бойынша жобаны іске қосты. «Электронды хаттама айыппұлдарды жылдам әрі ыңғайлы ресімдеуге мүмкіндік береді, бұл азаматтар мен полиция қызметкерлерінің уақытын үнемдейді, сондай-ақ, полицейлерді қағазбастылықтан арылтады. Деректер қорымен тікелей жұмыс жасау құқық бұзушы туралы да, көлік құралы туралы да барлық қажетті ақпаратты жедел алуға, құқық бұзушылықтың қайталанып жасалуын ескере отырып, оны дұрыс саралауға мүмкіндік береді.
Әкімшілік іс жүргізуді электронды форматқа ауыстыруды дамыту қажет деп есептеймін, бұл жазалаудың бұлтартпастығы қағидатын және қоғамдағы құқықтық тәртіпті қалыптастыруды жүзге асыруға мүмкіндік береді». Ал аталған жобаның азаматтар үшін тиімді жағына келсек, олар: уақытты үнемдеу, яғни бар болғаны 3-5 минутта ресімдеу, айыппұлды төлегеннен кейін оны растаудың қажеті жоқ, оны төлеген адам сенімді болады, өйткені санкциялармен жүйкесін тоздырмайды, іс бойынша қозғалғаннан бастап айыппұлды төлегенге дейінгі барлық мән-жайлар туралы хабардар етіледі. Жалпы, бұл ресімдеудің артықшылығы – оның ашықтығы, қосып жазуларды болдырмау және іс жүргізу құқығын сақтау.
Б.ТҰРЛЫБАЕВ, Қордай аудандық сотының судьясы