ГРАНТ ЖЕҢІП АЛДЫ

0

«Бурабай» шипажайы аумағында ауылдың дарынды балаларына  арналған ерекше пансионат-мектеп ашылды.

Халықаралық талаптар мен стандарттарға сай бой көтерген білім ордасында білім беру үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген. «IQanat High School of Burabay» мектебінде еліміздің барлық өңірінен іріктелген 184 дарынды бала оқитын болады. Тұңғыш Президенті Қоры тарапынан ұсынылған гранттар мен 60 қазақстандық бизнесменнің қаржылық қолдауының арқасында мектептегі оқу тегін. Аталмыш білім беру мекемесіне физика, математика және ағылшын тілінен өтетін «Iqanat» республикалық олимпиадасының финалына қатысқан озат оқушылар іріктеледі. Ал, жақында «IQanat» ауыл мектептері оқушыларының І республикалық слеті аясында 14 облыстың 162 ауданынан келген оқушылар «IQanat» олимпиадасының қорытынды туры өтіп, 4 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында олимпиада қорытындысы шықты. Нәтижесінде 701 қатысушыдан 12 жеңімпаз анықталды, олардың ішінде жерлестеріміз – Д.Қонаев атындағы №1 МГ оқушылары бар. Оқу озаттары, республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары Бақыт Байғазы, Дәулет Жайләу, Ислам Тыналиев өз білімдері мен ұстаздарының жан-жақты қолдауының арқасында «IQanat Kazakh-English High School» мекемесінің оқу грантын иеленді. Аталған мектепке үлгерімі жақсы оқушылар іріктеліп алынды. Бірқатар пәндер ағылшын тілінде, басқалары қазақ және орыс тілінде оқытылмақ. Білім ордасын аяқтағаннан кейін мектеп түлектері еліміздің, сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндігіне ие болады.

-«IQanat Kazakh-English High School» мектебінде оқуға грантты иемдену бірінші кезекте біздің ұстаздарымыздың бізге берген білімінің арқасы. Мен грант жайында ойлаған да жоқпын, себебі бұл олимпиадада бүкіл республика оқушылары бағын сынады. Дегенмен, барлық іріктеу турларында менің жанымда болған, білім ғана емес, психологиялық тұрғыда қолдау көрсеткен  тәлімгерім және жетекшім Зәуреш Ильясбекованың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Қуаныштысы, көп қатысушылардың ішінде біздің мектеп оқушылары грантқа ие болды, — дейді Бақыт Байғазы.

Бақыт робототехника саласында инженер болуды армандайды, аталмыш мектепте білім алу оның арманын жақындата түспек. Д.Қонаев атындағы №1 МГ оқушылары халықаралық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда аудан намысын қорғап, топ жаруда. Бұл жеңіс соның тағы бір айғағы.

 

Анара Теміржанова

Leave A Reply

Your email address will not be published.