ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЕЛ ІШІНДЕ

0

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаймен Қордай ауданында бірқатар нысандарды аралады.
Бірінші кезекте халық қалаулысы «Қордай» бақылау-өткізу пунктіне барып, нысанның жұмысымен танысты. Естеріңізге сала кетсек, аталмыш пунктте мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатқа қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа ғимарат заман талабына сай жабдықталып, шекарадан өтетін азаматтар үшін жаңа дәліздер мен жаңа бақылау аймақтары пайда болған. Бүгінгі күнге шекарадан тәулік сайын 20 мыңға жуық адам өтуде. Өтетін автокөліктер саны да ұлғайған. Көршілес Қырғыз елінде жанармай бағасы қымбат болғандықтан, ауданда кейбір азаматтар жанармай тасымалдаумен айналысып, соның салдарынан шекара пунктерінде кептілістер орын алып жатады. ҚР ҰҚК ШҚ департаментінің Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының командирі М.Сариевтың айтуынша, заңға сай жүргізушілер елден бакты толтырып, оған қоса 20-литрлік канистра алып шыға алады екен. Бұл жағдайда, заңды бұзбай қандай да бір шара қолдану қиын. Барлық уәждерді мұқият тыңдаған халық қалаулысы аталмыш мәселені жоғары арнайы органдарға жеткізетінін айтты.
Келесі кезекте депутат №51 орта мектепте білім саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді. И.Смирнова мұғалімдерді ашық сұхбатқа шақырып, толғандырған мәселелерін көтеруді сұрады. Мұғалімдер өскелең ұрпақты патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу, бастауыш сынып оқушылары үшін оқу құралдары, оқыту процесіне жаңалық енгізу сынды сұрақтарды көтерді.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты денсаулық сақтау саласының өкілдерімен кездесті. Медицина қызметкерлері аудандық аурухананың жаңа ғимаратын салу мәселесін алға тартып, кейбір пациенттердің дәрігерлерге негізсіз дөрекілігі алдында қорғансыздығына және жедел жәрдем жұмысына қатысты мәселелерді көтерді. Ирина Владимировна барлық мәселелер назарға алынатынына уәде берді.
Осы күні ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен Қазақстан Халық партиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының төрайымы Жанат Бастаубаева келіп, Қордай ауылындағы құрылыс жұмыстарының барысын көрумен қатар, кәсіпкерлік нысанның да жұмысымен танысты. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаймен бірге «Кордай Корм» ЖШС-не барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Құрама жем шығару және майлы дақылдарды қайта өңдеумен айналысатын серіктестік басшысы Талғат Сәрсембаев кәсіпорынның жылына 4 мың тонна құрама жем шығаруға қауқарлы екенін жеткізді. Өнделген өнімнің басым бөлігі мал ұстайтын тауар өндірушілерге, аудан тұрғындарына өткізілуде.

Бүгінде мұнда тәулігіне 20-30 тонна құрама жем шығарылуда. Жанат Бастаубаева мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер арқылы кәсіпті одан ары кеңейтуге болатындығын және осындай кәсіптің ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті.
Филиал төрайымы іргетасы жаңадан қаланатын маңызды нысан — аудандық полиция бөлімінің ғимараты құрылысы жұмысының барысын көрді. Мекеменің құрылыс жұмыстары шілде айында басталып, «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-і мердігер мекеме болып бекітілген. Мұнда да жауапты тұлғалармен кездесіп, нысанның әлеуметтік маңыздылығы жоғары екендігін ерекше атап өтті.
Ауданымызға Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Ілияс Буларов жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаймен бірге бірқатар ауылдық округтерді аралады. Алдымен Қарасу ауылдық округіне барған Мәжіліс депутаты сонда бой көтеріп жатқан спорттық-сауықтыру кешіні жұмысымен танысты. Қабырғалары көтеріліп, төбесі жабылған алып кешеннің қазір едені жасалып, өзге де ішкі жұмыстары қолға алынуда. «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС қолға алған жұмыстар кестеге сай жүргізілуде.
Келесі кезекте халық қалаулысы Қарасу ауылы тұрғындарымен кездесу өткізді. Биыл көптеген жұмыстар қолға алынып жатқан округте бірқатар мәселелер де бар. Ауыл жұртшылығы тарапынан депутатқа түскен сауалдар да аз болмады. Ілияс Буларов барлық сұрақтарға нақты жауаптар беріп, бірқатарын назарға алатын болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.