2025 жыл – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама – еңбекке құрметті қайта жаңғыртып, қарапайым еңбек адамдарының ел дамуына қосқан үлесін насихаттауға бағытталған маңызды қадам.
Осы бастама аясында Қордай ауданында ауылдық округтер арасында шығармашылық фестиваль ұйымдастырылуда. Кезекті кезеңді еңбекқорлығы мен бірлігімен танылған Қаракемер ауылдық округінің өкілдері өткізді.
Өткен жұма күні Қордай ауылының Орталық саябағы ән мен күйге, шапалақ пен шаттыққа толып, нағыз мерекелік атмосфера орнады. Фестиваль туы салтанатты түрде көтеріліп, қатысушыларға округ әкімі Рашид Алыбаев құттықтау сөз арнады. Өз сөзінде ол еңбекке деген құрмет – ел болашағының берік негізі екенін атап өтіп, барша қатысушыларға шығармашылық шабыт пен сәттілік тіледі.
Фестиваль бағдарламасында Қаракемер ауылының өнерпаздары мен белсенді жастарының өнер көрсетулері ерекше орын алды. Концерт көңілді, әсерлі өтіп, шығармашылық бірліктің жарқын көрінісіне айналды.
Жыл соңында фестиваль қорытындыланып, әділ қазылар алқасы жеңімпаздар мен жүлдегер округтерді анықтайды. Жеңімпаздар лайықты марапаттарға ие болады, ең бастысы – ауылдастарының құрметі мен ризашылығына бөленеді.