Аудан әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауы – халықтың өзекті мәселелерін дер кезінде жеткізіп, шешу жолдарын табуға мүмкіндік беретін тиімді алаң. Мұндай кездесулер жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді.
Дүйсенбі күні Қордай ауданы әкімі Бегзат Болатбеков тұрғындарды кезекті қабылдау өткізді. Қабылдауға бірқатар ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшылары қатысты. Бұл жолы 11 азамат түрлі мәселелерін айтып, өз өтініштерін жеткізді.
Көтерілген сұрақтардың дені жер, тұрғын үй, жол жөндеу және әлеуметтік маңызы бар жеке өтініштерге қатысты болды. Мәселен, Сұлутөр ауылының тұрғыны «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойынан кәсіпкерлік мақсатта жер телімін сұрады.
Қордай ауылының тұрғыны Чернобыль апаты құрбандарына арналған мемориал орнату жөнінде ұсынысын білдірді. Әкімдік өкілдері бұл бастаманы заң аясында қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Ал тағы бір тұрғын қаңғыбас жануарларға арналған приюттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қолдау көрсетуді сұрады. Қазіргі таңда Қордай ауылында жеке кәсіпкерге осы мақсатта жер телімі беріліп, питомник құрылысының 50 пайызы аяқталған. Алайда су және электр желілеріне қосылуға қажетті қаржының жетіспеуі жобаның толық іске асуына кедергі болып отыр.
Сондай-ақ, Қаракемер ауылының тұрғыны мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерге келісімшарт рәсімдеу мәселесін көтерді.
Барлық өтініштерді мұқият тыңдаған аудан әкімі Бегзат Болатбеков әр мәселенің заңға сәйкес шешілу жолдарын түсіндіріп, жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ