Елімізде тұрғын үй мәселесі қашанда өзекті. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет әр түрлі бағдарламалар әзірлеп, нәтижелі іске асырып жатқаны белгілі. Десе де, үйсіз жүргендердің бәрін бір демде баспанамен қамтып үлгеру мүмкін емес. Осы ретте «атымтай жомарт» азаматтардың көмегімен қаншама отбасы үйлі болып жатқаны қуанышты. 9 қаңтар күні қайырымды жандардың көмегімен бір отбасы үйлі болды.
2017 жылы елімізде республикалық «Харекет» қоры құрылған. Қысқа уақыт ішінде осы қордың көмегімен қаншама отбасы үйлі болып, қоныс тойын тойлады. «Қазақстанда 10 млн. қазақ бар екенбіз, әрқайсымыз 1 теңгеден жинасақ, барлығымыздан жиналған ақшаға бір айда бір отбасыға үй алып беруге болады екен», деген идеяны іске асырып, «1000 теңгеге баспана» акциясын жариялаған қорға қазақстандықтар бірігіп ақша жинай бастайды. Жақында игі бастаманың арқасында Әлжан ана ауылының тұрғыны, көпбалалы, жалғызбасты ана Зура Таттымбетова да баспаналы болды.
Осыменен 369-баспананың кілтін «Харекет» қорының Жамбыл облысындағы ресми өкілі Әділ Құлман салтанатты түрде көпбалалы анаға табыстады. Өз сөзінде ол баспаналы болған отбасын құттықтап, ізгі тілектерін айтып, халықты көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға үндеді.
Әлжан ана ауылы, Бәйдібек көшесі, 98 мекенжайындағы 4 бөлмелі үйде қолайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Төрт жарым миллион теңгеге алынған үй газбен жылытылады. Мұндай сыйға көпбалалы отбасы дән риза.
— Баспанасыз, жалдамалы пәтерде тұру өте қиын. Біз көп жыл ешқандай жағдай қарастырылмаған пәтерде тұрдық. Әсіресе қыста қатты қиналушы едік. Мұнымен қоса мен бес баламды жалғыз тәрбиелеймін. Бізге көмек берген барша азаматтарға, қордың директоры Гүлмира Мұханқызына және Әділ Құлманға үлкен алғыс айтамын, — дейді Зура Таттымбетова.
«Көп түкірсе көл болар» демекші, «Харекет» қорының бастамасымен 3 жылда 400 отбасы баспанаға ие болды. «1000 теңгеге баспана» акциясына әрбір қазақстандық атсалыса алады. Ол үшін ғаламтордан «Харекет» қорының реквизиттерін білсе болғаны. Тұрмыстың тауқыметін тартып, оның үстіне баспанасыз жүріп бала асырау өте қиын. Жетім-жесірлерге, жалпы көмекке мұқтаждарды қолдау сауапты іс екені белгілі.
Е.Қатбеков