ИГІ ІСТЕР КҮНІ

0

Наурыз – достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, халық бірлігі мен татулығының бастауы. Сондықтан, қазақтың ұлы мерекесі қарсаңында адамдар бір-біріне ізгі тілектерін айтып, сый-құрмет жасаудың маңызы да ерекше. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. Осы орайда 19 наурыз – Игі істер күні аталды.

Аты айтып тұрғандай, осы күні адамдар игі, сауапты іс жасап, жақындарына қуаныш сыйлайды. Ал, аудандық орталық аурухананың басшылығы дүниеге перзент алып келген аналарға құрмет көрсетуді жөн көрді. Осы күні аурухана басшылығы сәбиін бауырына басып, перзентханадан шығатын бес анаға гүл шоқтарын ұсынып, сый-сияпат жасады.
АОА бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова: — Сіздерді аурухана қызметкерлері атынан және аудан басшылығы атынан көктемнің шырайлы мерекесімен құттықтаймын. Жаңа туылған сәбилерге және аналарына мықты денсаулық тілеймін. Наурыз мейрамы тек бақыт әкелсін, — десе, перзентхана бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Ермекқызы: — Сіздер өте маңызды іс – халқымыздың санын арттыруға өз үлестеріңізді қостыңыздар. Сәбилеріңіз дені сау болып, есейіп, еліміздің бетке ұстар азаматтарының қатарынан болсын, — деді.
Жаңа босанған аналардың қатарында Гүлнұр Егешова есімді келіншек алтыншы баласын босаныпты. Кездесуде жаңа туған сәбилерге күтім көрсетіп, қамқорлық жасап жатқан перзентхана қызметкерлеріне де үлкен алғыс айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.