ИМАМДАР ҮЙІНДЕГІ КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ

0

Сейсенбі күні Сортөбе ауылынан орын тепкен имамдар үйінде маңызы мол кездесу өтті. Жиынға аталмыш мекемеде арнайы курстан өтіп жүрген имамдар қауымы мен Сортөбе ауылдық ауруханасының дәрігерлері қатысты.

Айта кетсек, аталмыш іс-шараның пандемияға тікелей қатысы бар. Қоғамда вакцинациялауға байланысты үрей, қорқыныш, қала берді түрлі қауесеттердің көбейіп кеткені жасырын емес. Сондықтан, дәрігерлер ел арасында беделі зор діни қызметшілермен кездесіп, тақырыптық жиын өткізгенді жөн көрген екен. Кездесу барысында Сортөбе ауылдық ауруханасының жалпы практика дәрігері Исмаил Щимеев имамдарды жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ортақ іске өз үлестерін қосуға шақырды.

«Біз жамағат ішінде насихат жұмыстарын жүргізу бойынша көмек сұрап келдік. Қазір індеттің өршіп тұрған кезі, оны тоқтатудың бір ғана амалы – вакцинациялау. Қытайдың статистикасын мысалға алсақ, 22 миллион тұрғыны бар Шанхай қаласында күніне ауруды жұқтырудың бір ғана жағдайы тіркеледі. Ал, бар болғаны 18 миллион азаматы бар Қазақстанда күніне 7 мыңнан астам індетті жұқтыру дерегі тіркеледі», — деп мысал келтірген дәрігер өз сөзін нақты мысалдармен растады.

Түсіндіру жұмыстарынан кейін денсаулық сақтау саласының мамандары имамдардың қалауы бойынша екпе егіп, оның қалың көпшіліктің амандығына, вирустан қорғануда жекелей әрбір адамның денсаулығына оң әсері жайында маңызы мол мәлімет берді. Сонымен қатар, вакцина алған азаматтардың қатарында қариларды дайындау орталығының директоры Ғалымжан Шерниязов та болды.

«Бүгінгі кездесудің тұрғындар үшін пайдасы мол. Вакцинациялау жөнінде тексерілмеген ақпарат та, түрлі алып-қашпа әңгіме де өте көп. Сол себепті адамдар шындыққа жанас-пайтын қауесетке сеніп, жалған ақпаратты өздері таратады. Осыған орай, бүгін мен өзім вакцина қабылдап, әріптестерім мен мешітке келетін қауымға бұл қорқынышты емес екенін көрсеттім», — дейді Ғалымжан Сайлауұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.