ІСКЕР ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ – ҚОҒАМ ТАЛАБЫ

0

Ауданымызда жыл санап кәсіпкерлікке ден қойғандардың қатары артып келеді. Бірі мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдаланып, жаңа бизнес ашса, енді бірі дөңгелетіп отырған кәсібін одан әрі дамытуға бел буған. Қордай ауылының тұрғыны Меруерт Апсеметова – мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған жандардың бірі.

Ол 2023 жылдың мамыр айында «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, жартылай дайын өнімдерді шығаратын шағын цех ашқан. Берілген қаражатқа кәсіпкер цехке қажетті жабдықтарды сатып алған.

39 жасар келіншекке аспаздық қызығушылықты табыс көзіне айналдыру идеясы декреттік демалыста келген. Ауыл тұрғындарының консерванттарсыз, табиғи таза өнімнен дайындалған жартылайфабрикаттарға деген сұранысы жоғары екендігін байқап, тапсырысқа тұшпара, мәнті түюді бастайды. «Жартылай дайын өнімдердерді жасап жүргеніме төрт жылдай болды. Аудан орталығында жолдасымның азық-түлік сататын дүкені бар. Бастапқыда жасаған өнімдерді сол дүкенге алып барып өткізетінмін, көршілерім де тапсырыс беретін. Уақыт өте келе сұраныс арта берді. Өйткені, дайын тағамдар әсіресе, жұмысбасты адамдарға ыңғайлы, уақытты үнемдейді. Өткен жылы кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз грант жайында анықтап, өтінім беріп, бизнес жобамды сәтті қорғап шықтым. Түскен қаржыға электрлік ет тартқыш, үш мұздатқыш сатып алған болатынмын»,-дейді кәсіпкер.

Бүгінде «Ням-ням» сауда маркасымен  шығып жатқан өнімдер өз тұтынушыларын жоғары сапасымен әрі қолжетімді бағасымен қуантуда. Цехте Меруерт Сайлаубекқызынан бөлек тағы төрт адам жұмыс істейді. Он саусағынан бал тамған аспаздар мәнті, тұшпара, орама, варениктер, фарш қосылған бұрыш, тефтели, самсы сынды тағам түрлерін дайындайды. Күнделікті жасалған тағамдарды тұрғындар әп-сәтте-ақ сатып алып кетеді. Одан бөлек, аптасына бір рет аудандағы дүкендерге өткізіп тұрады. «Барлығын қолдан түйеміз, химиялық қоспаларды қолданбаймыз. Тұтынушыларға сақтау мерзімі қысқа, жаңадан мұздатылған өнімдерді ұсынамыз. Бізден жартылай дайын өнімдерді алған адамдар жиі жақсы пікірлерін айтып, тағы тапсырыс беріп жатады. Клиенттерден естіген алғыс пен мақтау бізді үздіксіз алға жылжуға, жаңашылдыққа ұмтылуға, кәсіби өсуге жетелейді,– дейді кәсіпкер.

Меруерт Апсеметова ісін жүйелі ұйымдастыра білген кәсіпкер ғана емес, үйінде адал жар, алты баласына аяулы ана. Мақсаты айқын, болашаққа нық қадам басқан көпбалалы ана кәсібін одан әрі дамытуды армандайды. «Тапсырыстар көп болғандықтан, кейде әрең үлгеріп жатамыз. Болашақта цехті кеңейтіп, жұмыс барысын тездетуге көмек болатын қамыр илегіш, жаймалау станогы сынды қажетті жабдықтар алсақ деген жоспар бар»,-деп бөлісті Меруерт.

Расында, кәсіп ашқысы келетін азаматтарға, әсіресе көпбалалы аналарға қолдау, жол сілтеу керек-ақ. Мұндай мемлекеттік бағдарлама екі қолға бір күрек іздеген жандарды алға жетелері анық. Дегенмен, жеке ісін бастауға ниетті адам алдына нақты мақсат қойып, тәуекелге бел буып, алған бетінен қайтпауға дайын болуы шарт. Кейіпкеріміз Меруерт Сайлаубекқызының ісіне береке тілейміз, ал оның табысқа жету жолы өзгелерге үлгі болады, деп сенеміз.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.