Көлік жөндеудің шебері

0

«Ердің атын еңбегі шығарады» дейді халқымыз. Ерінбей еңбек етуге бойыңда ынта-жігерің мол болса, үйіңнен екі аттам жерде жүріп-ақ көпке танылуыңа болады. Осы ретте, «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушысы, Қаракемерлік көлік жөндеуші – Оңғар ЫБЫШ жайында әңгімелекпіз.

Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін кеңінен пайдаланып отырған Қаракемер ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Оңғар Ыбыштың алдына қойған мақсаттарының бірі – ауылда қалып, елді мекеннің дамуына үлес қосу. Қазіргі таңда, ауданымызда ауыл кәсіпкерлігін дамыту бойынша мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар қабылдануда. Соның нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық дамуы мүлдем тұралап қалған ауылдардың тамырына ептеп қан жүгіре бастады деуге толық негіз бар. Аудан орталығында бизнес түрі баршылық, бірақ сұранысқа ие бағыт – көлік жөндеу орталығы  аталмыш ауылда жоқ екен. Осыны ескерген кейіпкеріміз екі жыл бұрын ашқан кәсіпкерлік нысанын «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында кеңейтіп алған. Ол бұл мақсатқа бағдарлама тарапынан 4 млн. 600 мың теңге жеңілдетілген несие алғанын алға тартуда. Жобасы мақұлданған жас кәсіпкер рәсімделген несие қаржысына автокөлік көтергіш, желімдеу, моторды жинайтын аппарат, кран, серіппелі қысқыш, экстрактор, теңгерім аппараты, коробканы түсіріп жинайтын аппарат, компрессор, үтік сынды көлік жөндеу станциясына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Бұл жабдықтар көлік жөндеу жұмыстарын жеңілдетіп, сапасын арттыруға септігін тигізетінін айтуда.

«Қазір көліктен көп нәрсе жоқ. Техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Содан көлік жөндейтін орын ашсам деген ой келді. Бұл қызмет түрі халық үшін өте қажет деп есептеймін. Міне, бүгінде ауылдық азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарламаның арқасында жеке автокөлік жөндейтін кәсібімді аштым. Енді отбасымды осы шағын ғана мекеменің көмегімен асырауға мүмкіндігім бар. Жағдайды түзеп алуға оң ықпал еткен мемлекетімізге айтар алғысым шексіз», – дейді  жас кәсіпкер.

Оңғар Январбекұлының көлік жөндеу станциясында оның өзімен бірге тағы екі адам қызмет етуде екен. Олардың бірлескен еңбегінің арқасында станция тұрақты жұмыс істеп, ауыл тұрғындарының көлік жөндеу мәселесін шешуге көмегін тигізуде.

Айта кетейік, кәсіпкер несиені 2025 жылдың ақпан айында ғана алып, толықтай жұмыс істеп бастады. Осы қысқа мерзім ішінде ол біршама жетістікке жетіп үлгерді.

Оңғар Ыбыш – тек табысты кәсіпкер ғана емес, сонымен қатар отбасының тірегі. Жұбайы Рәпілбек Жанатпен бірге үш баланы тәрбиелеп өсіруде.

Ыбыш Оңғардың еңбегі мен табандылығы – ауыл жастарына үлгі. Ол өз ісін сүйіп, ауылдың дамуына үлес қосып жүрген нағыз патриот.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.