Осы бір жылы жүзді, жаны жайсаң жан қашанда айналасына шуақ шашып тұрғандай сезіледі. Әсте көркем өнер туындысы адам санасын әдемілік пен сұлулықты сүюге баурайтын құдіретті күш қой. Гүлгаухар Дүйсенқызының кішкентайынан сурет салуға құштарлығы да осы құбылыстан оянса керек. Сурет салуға, өнерге деген құштарлық оны орта мектептің 8 сыныбын бітірген соң Тараз қаласындағы Абай атындағы педагогикалық колледждің сурет және сызу мамандығын дайындайтын оқу орнына алып келді.
Құрманқожаева Гүлгаухар Дүйсенқызы бұл оқу орнын тәмамдаған соң Қордай ауылындағы Абай атындағы орта мектепте мамандығы бойынша еңбек жолын бастайды. Осы аралықта Тараз инновациялық гуманитарлық университетін «Сызу, көркем еңбек» мамандығы бойынша да тәмамдайды. Ал 2017 жылы №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейге мамандығы бойынша жұмысқа орналасып бүгінгі күнге дейін көркем еңбек пәнінің мұғалімі қызметін жоғары шығармашылық деңгейде атқарып келеді.
Гүлгаухар Дүйсенқызы негізгі жұмысымен қоса тұрақты түрде аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға, симпозиумдарға қатысып тұрады. Атап айтқанда 2021 жылы көркем еңбек пәні мұғалімдері арасындағы «Нұр-Сұлтан ғимараттары» атты облыстық сәулеттік макеттер байқауында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу әдістемелік кабинетінің ІІІ дәрежелі дипломымен, 2023 жылы «Ұлттық өнер» атты облыстық көрмеге үздік шығармашылық жұмысын ұсынғаны үшін Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ІІІ дәрежелі дипломымен, 2024 жылы облыстық «Үздік шығармашылық жұмыс» атты байқауда «Ұлттық көркемдік және халықтық қолөнер жұмыстар» номинациясы бойынша Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды.
Сонымен қатар Г.Құрманқожаева халықаралық дәрежедегі жиындарға да ұдайы түрде қатысып, үздік нәтижелерге қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылы Бурабайда өткен Халықаралық қолөнер шеберлері, кәсіби суретшілер мен көркем еңбек пәнінің педагогтері арасындағы ЭТНО-АРТ-ДИЗАЙН бағытындағы халықаралық симпозиумында «Үздік плэнерлік жұмысы үшін» дипломымен, 2023 жылы Тараз қаласында өткен «Тараз жауһарлары» көркем еңбек пәні мұғалімдерінің, кәсіби суретшілер мен қолөнер шеберлерінің IV халықаралық симпозиумында «Ең үздік плэнерлік жұмысы үшін» дипломымен марапатталды.
2024 жылы қыркүйек айында Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақтың ұлттық өнерін, мәдениетін паш еткен көптеген көрсетілімдер болғаны белгілі. Солардың бірі – аламан құрақ жобасы. Гүлгаухар Дүйсенқызы 2024 жылы Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 450 құрақшымен бірге кілем тәріздес жайылған көрпені тігуге қатысып, қазақстандық және әлемдік рекорд орнатуға атсалысты. Аталған көрпелерді шеберлер бір түспен, бір техникамен тіккен. Аламан құрақ қатысушыларының әзірлеген көрпесінің жалпы көлемі 11200 шаршы метрді құраған. Аталған рекорд қазақстандық КИНЭС және дүниежүзілік ГИННЭС рекордтар кітабына кірді.
Дарынды ұстаздың білім берген шәкірттері де үздік нәтижелерімен көзге түсіп биіктерді бағындыруда. 2022 жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейі ұйымдастырған «Өнер сиқыры» атты халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасындағы шығармашылық көрмеде мектеп-лицейдің 8 сынып оқушысы А.Қасенқұл дипломмен, 2024 жылы «Ерке сылқым» халықаралық өнер байқауында «Бейнелеу өнері, Әжемнің ертегілері – пейп-арт» номинациясы бойынша тағы бір 8 сынып оқушысы Д.Нығыман Бас жүлдемен марапатталды.
Жеткіншек ұрпақты дүниенің сырларын тануға баулып, ерекше шығармашылықты, ізденісті талап ететін мамандық иесі осы жетістіктерімен шектеліп қалмаса керек. Оның ертеңгі күнге белгілеген мақсаттары аз емес. Ал «Өнерлі өрге жүзеді» демекші біз білетін Гүлгаухар Дүйсенқызының бұдан әрі де жетістік биігінен көріне беретіндігіне сенім мол.
Елнұр ӘСКЕНҰЛЫ, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі