Кең болсаң, кем болмайсың

0

Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері Қордай ауданының бірнеше тұсына блок-бекеттер қойылғаны белгілі. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының Отар бекеті маңында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскерилер, төтенше жағдай және жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс істеуде.
Ел тыныштығы үшін тәулік бойы қызмет етіп жатқан азаматтарға аудан тұрғындары алғысын білдіріп, қолынан келген көмегін көрсетіп келеді. Мысалы, Қордай ауылында орналасқан «Фламинго» кафесінің ұжымы жиырма шақты адамға арнап түскі ас әзірлеп, оны Отар бекетіне жеткізді. Бұл қайырымдылық шарасы аталмыш кафенің басшысы, жеке кәсіпкер Владимир Долговязовтың бастамасымен іске асып, жергілікті полицейлердің қолдауына ие болды.
— Осындай күрделі әрі қиын кезеңде біздің тыныштығымыз үшін қызмет етіп жатқан азаматтардың еңбегі орасан. Сол себепті біз де оларға қолдау көрсетіп, ыстық тамақ әзірледік. Бұл біздің алғысымыздың белгісі. Елімізде тыныштық орнасын, мұндай оқиғалар еш қайталанбасын, — деген Владимир Долговязов бұл бастаманы өзге кәсіпкерлер де жалғастыратынына сенім білдірді. Өз кезегінде блок-бекетте кезекшілікте жүрген азаматтар кәсіпкердің ісіне ризашылығын білдіріп, зор алғысын айтты.
Жалпы, Отар бекетінде Алматы қаласынан келе жатқан әрбір көлік тоқтатылып, тексерілуде. Осындай жұмыстың нәтижесінде 10 дана мылтық, 1 пневматикалық қару, әр түрлі тұрмыстық техника, киім-кешек және өзге де заттар тәркіленді. Ешбір чегі және биркалары жоқ бұл заттардың барлығы тіркеліп, шешім қабылдау үшін тиісті жерлерге жолданды. Сонымен қатар, полицейлердің заңды талабына бағынбай, қашпақ болған бір автокөлікті қарудың көмегімен тоқтатуға тура келді. Заңға бағынбаған бұл азаматқа қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетсек, коменданттық сағат кезінде тәртіп сақшылары Қордай ауылында да тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде бірнеше азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.