Өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында 2025 жыл Жамбыл облысында кітап оқу жылы болып жарияланып, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы қолға алынған болатын.
Осы ретте аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен, 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық қорғау күніне орай орталық «Жасыл» саябақта кең көлемді кітап көрмесі өткізілді. Шарада кітап макеттері, «Жергілікті ақын-жазушылар мұрасы болашақ ұрпақ қазынасы», «Бабалар мұрасы-ұрпаққа ұлағат», «Әлемдік классикалық шығармалар», «Балалар әлемі» және ағымдағы жылғы күнтізбе бойынша аталып өтетін кітап көрмелері ұсынылды. Іс-шараның маңызды бөлігінде қос бірдей кітаптың лента қию рәсімі өтті. Олар былтырғы жылы облыс көлемінде тұсауы кесілген Мағауия Аманкелдиевтің «Өлеңдерім өмірімнің айнасы» сондай-ақ, Дәмегүл Бақытжанованың «Сезім сыңғыры» атты кітаптары.
Көрме соңы, кітапхананың тұрақты оқырмандары және аудан өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, Мағауия Аманкелдиев 1954 жылы Қасық ауылында дүниеге келген. Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі. «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Шығармалары облыстық, аудандық баспа беттерінде жарияланған. Ал, Дәмегүл Бақытжанова 1971 жылы Өзбекстан республикасы, Хожелі ауданында дүниеге келген. Түркі Әлемі Халықтары Жазушылар Одағының «Тұран тағылымы», Әлем Халықтары Жазушылар Одағының «Құрмет иесі» төсбелгісінің иегері. Өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде жарияланған.
Ә.ДҮЙСЕНҰЛЫ