Ауылдық жердегі өмір қаладағы өмірден айтарлықтай өзгеше. Бұл жерде ауыл тіршілігінің артықшылықтарын төмендетер ойымыз жоқ, тек қалалықтардың мәдени демалыс ұйымдастыруда әлдеқайда көп мүмкіндіктері бар екенін атап өткенді жөн. Ал, ауыл тұрғындары көбінесе бос уақытын теледидар алдында немесе смартфонмен өткізеді. Бұл шындық.
Осы жағдайды өзгертуге тырысқан кәсіпкер Салима Бекмұрзаева ауданда жаңа жобаны қолға алып отыр. Қордай сияқты инфрақұрылымы, халық саны жағынан қалаға теңесе алатын елді мекенде, әлі күнге дейін кинотеатрдың жоқтығына таңданатын. Осылайша ол заманауи кинотеатр салу туралы шешім қабылдайды. Салима Бекмұрзаева бизнес саласында үлкен тәжірибесі бар жан. Сондықтан жаңа іс бастауда нартәуекелге бел буудың қаншалықты күрделі екенін жақсы біледі. Бірақ жетістікке тек қиындықтарға мойынсұнбайтындар жетеді деген қағидаға сүйетін кәсіпкер, жолдасы Мәдиар Жүсембаевтың қолдауымен арманын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Оның бастамаларына сенім артқан жандардың бірі – көпжылдық серіктесі әрі құрбысы Жанара Жұмағұловада бар.
«Жастардың ауылдан кетуіне бірнеше себеп бар. Жұмыс табудың қиындығымен қатар, мәдени демалыстың жоқтығы да осы себептердің бірі, деген ой мені көп уақыттан бері мазалайтын. Мүмкін менің жоспарымды тым батыл шешім дейтіндер де болар, кинотеатрдың ашылуы бұл процестерге әсер етер деп үміттенемін», — дейді Салима Бекмұрзаева.
Кәсіпкердің айтуынша, ол бұл мәселені мұқият зерттеген. Бизнес – үлкен жауапкершілік, сондықтан әр қадамды салмақтап, саралап алу қажет. Ең маңыздысы – отбасының қолдауы болды. Кеңес беру функциясын медиасалада продюсер болып жұмыс істейтін абысыны өз мойнына алды. Оның кеңестері мен бағыттары жобаға үлкен көмек көрсеткені сөзсіз.
Бизнес-Жоспар дайын болғаннан кейін,техникалық сұраныстарға сәйкес келетін ғимарат іздеу басталды. Бұл жерде барлық талаптарды ескеру маңызды болды. Орын анықталған соң, Салима «Меломан» және «Сулпак Синема» сынды дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізген. Енді кәсіпкердің еңбегінің жемісін кордайлықтар қазан айының ортасында көретін болады — дәл осы уақытта «Korday Cinema» кинотеатрының салтанатты ашылуы жоспарланып отыр. Бізге бүгін сол кинотеатрдың алғашқы қонақтары болу бақыты бұйырыпты.
100 орынға арналған кинотеатр Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан. Ғимарат заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, мұнда әлемдік киноиндустрияның соңғы жаңалықтарын тамашалап, шетелдік және отандық фильмдердің премьераларын көруге барлық жағдайлар жасалатын болады.
Қысқасы, «Korday Cinema» қалалық кинотеатрлардан еш кем түспейді. Кең, жайлы креслолар қойылған зал әрбір сеанстан рахат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кинотеатр ғимаратында балаларға арналған ойын алаңы мен шағын фудкорттың орныда қарастырылған.
Ең табысты жобалар қарапайым арманнан басталады. Арманынан күш алған адамда күш, жігер пайда болады, ол белестерді бағындыруға қабілетті тұлғаға айналады. Бұл ақиқатты өз ісімен тағы бір жолы Салима Бекмұрзаева дәлелдеді.
«Ең бастысы – өзіңе сену және қиындықтарға мойымау», — дейді кәсіпкер.
Бұл нысан ауыл өміріндегі мәдениеттің маңызды қадамы болумен қатар, сапалы инфрақұрылымның ауылдық жерлерде де қолжетімді болатынын көрсетті. Бизнес идеясын жүзеге асыру үшін Салима Бекмұрзаева өз қаражатын салды.
Кәсіпкердің айтуынша, мемлекет тарапынан көмек болса, оның бизнесі одан да жоғары деңгейге жетуі әбден мүмкін. Мысалы, 2019 жылы Атырау облысының бір ауданында әкімдік пен жеке компанияның бірлескен жобасы аясында Қазақстандағы алғашқы ауылдық кинотеатр ашылған. 2021 жылы Жамбыл облысындағы Құлан ауылында облыс әкімінің қатысуымен ауылдық кинотеатрдың жұмысын бастаған.
Қысқасы, Кордай ауданы үшін жаңа бастама, қажет болған жағдайда ауыл тұрғындары мен жергілікті биліктің қолдауына ие болады деп үміттенеміз. Өйткені, үйреншікті дүкендер мен кафелерден айырмашылығы, бұл жобаның әлеуметтік маңызы зор.
Шолпан САБАНОВА