Қордай ауданы аумағындағы қазіргі таңдағы құқықтық ахуал мен оның алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі комиссия отырысында жан-жақты талқыланып келеді. Аталған жиында аудандық полиция бөлімі мен басқа да атқарушы орган өкілдері атқарылған жұмыстар бойынша есеп береді. Біз осы бағытта атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталғанды жөн көрдік.
Жиында полиция бөлімі өкілінің айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Аудан аумағында «Құқықтық тәртіп», «Заңсыз келуші», «Браконьер», «Тұрмыс», «Учаске», «Есепте тұрған тұлғалар» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар мен «Таза Қазақстан» акциялары өткізілді. Бұл шаралар қылмыс пен өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуға оң әсерін тигізіп, нақты нәтижелерін беруде.
«Бұрын тіркелген қылмыстарға талдау жасалып, сол аумақтарда барлық жеке құрамды жұмылдыра отырып, локалды жедел алдын алу іс-шаралары жүргізілуде. Бұл іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және орын алған қылмыстарды ашуға бағытталған. Қордай ауылында орналасқан «Жасыл» және «Емен» саябақтарында тұрақты түрде жаяу патруль қызметі ұйымдастырылып, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстар аясында жыл басынан бері 28 суық қару (пышақ, кастет) тәркіленді. Оның 16-сы кәмелет жасқа толмағандардан анықталған», – дейді полиция өкілі.
Аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Баяндамашының айтуынша, ағымдағы жылдың есепті кезеңінде Қордай ауданы бойынша барлығы 11 109 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 168 жағдайға артық. Оның ішінде 6 974 хаттама – жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін толтырылған. Алайда, атқарылған профилактикалық шаралардың арқасында жол-көлік оқиғаларының саны – 29,3%-ға, қаза болғандар саны – 4,5%-ға, жарақат алғандар – 28,2%-ға төмендеген.
Айта кетерлік жайт, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы (мас күйінде көлік құралын басқару) бойынша 27 хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданған. Нәтижесінде, 27 азаматтың көлік жүргізу куәлігі 7 жылға тәркіленіп, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.
Сондай-ақ, шаруа қожалықтары иелерінің малдарын қараусыз жіберуі салдарынан жол апаттарының орын алуы да өзекті мәселе болып отыр. Осыған байланысты 101 әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шаралар қабылданған.
Құқық бұзушылықтың алдын алуда бейнебақылау жүйелерінің маңызы ерекше. Қазіргі таңда аудан аумағындағы ауылдық елді мекендер мен аудандық маңызы бар автожолдарда орналасқан бейнебақылау камералары қалпына келтіріліп, жаңа аудандық полиция бөліміндегі орталық бақылау экранына қосылған.
Қордай ауылының Жібек жолы, Төле би, Қазыбек би көшелерінде, кеден маңында, орталық саябақта және Шу қаласына шығар жолда орналасқан камералар қайта іске қосылған.
Бұдан бөлек, аудан бойынша 18 «Сергек» жылдамдықты шектеу камерасы Қайнар, Сарыбұлақ, Қақпатас, Бетқайнар, Жамбыл, Степное, Әлжан ана, Қарасу, Өтеген және Масаншы ауылдарында жұмыс істеп тұр.
«Қазіргі уақытта бұл камералар құқық қорғау органдарына қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға едәуір көмек көрсетуде», – дейді сала мамандары.
Қордай ауданында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Қылмыс пен құқық бұзушылық көрсеткіштері біртіндеп төмендеуде. Алайда, кейбір бағыттар бойынша (мысалы, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, мас күйінде көлік басқару) жүйелі түрде жұмыс жүргізуді қажет етеді.
Аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті, деп түсінген де абзал.
Дайындаған Жандос ОМАРОВ