Ата заңымызда көрсетілгендей, елімізде азаматтардың бостандықтары мен конституциялық құқықтарын нығайтуға бағытталған бірқатар реформалар жүзеге асуда. Солардың бірі – тергеу судьялары институты.
Тергеу судьясы — қылмыстық процестегі тараптардың мүмкіндіктерінің теңдігін, жеке адамның конституциялық құқықтарының сотта қорғалуын, негізсіз айыптаудан және сотталудан, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының заңсыз шектелуінен қорғауды қамтамасыз ететін процессуалдық дербес тұлға.
Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртiбi, оның ішінде тергеу судьясының өкілеттіктері мен оны жүзеге асырудың жалпы шарттары Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 55-56 баптарында нақты көрсетілген.
Осы баптарда көзделген тергеу судьясының өкілеттіктерінің бір-екеуіне тоқтала кетсек, тергеу судьясы анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне қатысты берілген шағымдарды, сұрау салуды орындаудан бас тартылған, не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайда, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, қылмыстық іс үшін маңызы бар кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру және қылмыстық іске қосып тігу туралы және басқа да мәселелерді қарайды.
Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының заңсыз шектелуінен қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тергеу судьясының құзіретіне қарап – тексеруді, тінтуді, алуды, жеке тінтуді санкциялау мәселелері жатады және бұл жаңашылдық республика көлемінде өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Статистика көрсеткендей, адамның құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың заңмен қорғалатын мүдделерін заңсыз шектеу немесе өзге де бұзу фактілері анықталған кезде тергеу судьясы заң бұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселені шешу үшін шара қолданады.
Жалпы құқыққорғау мен сот жүйесі қызметкерлерінің бірден-бір мақсаты – заң шеңберінде көзделген, кез-келген азаматтың құқығын қорғау болып табылады.
З.АБДИКЕРИМОВ, Қордай аудандық сотының тергеу судьясы