Өткен аптада «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Қоғамдық кеңес төрайымы Баян Қарамолдаева жүргізген кездесуге кеңес мүшелері, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Манас Әбдікәрімов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Иманқұлов қатысты.
Күн тәртібіне жергілікті полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті орнату және қылмыстың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары және азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылған жұмыстар шығарылды. Бірінші сұрақ бойынша Манас Әбдікәрімов баяндама жасап, полиция бөлімінің атқарып жатқан жұмыстарын тізіп өтті. Оның сөзінше, аудандағы криминогендік ахуал тұрақты, полиция бөліміндегі штаттық бірлік пен техника қоғамдық тәртіпті орнатуға жеткілікті. Десе де, автомобиль жолдарындағы апаттар кемімей келеді. Манас Әбдікәрімов жол апаттардың басым бөлігі республикалық маңызы бар тас жолдарда орын алатынын жеткізді. Осы ретте қоғамдық кеңес мүшелері биылғы қыста Қордай асуы бойынша көліктердің өтуі жиі бөгелгенін атап өтіп, оның себебін сұрады. Манас Әбдікәрімов биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты тас жолдар жиі жабылғанын айтып, осыған байланысты бірқатар проблемалық мәселелерді жеткізді. Сонымен қатар, аудандық төтенше жағдай бөлімінің басшысы Қанат Иманқұлов та бірқатар проблемалар бар екенін алға тартты.
Баяндамашыларды тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелері республикалық маңызы бар тас жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін техника мен штаттық бірлікті арттыру бойынша тиісті органдарға хат жолдау қажеттігіне бір ауыздан келісті. Атап айтсақ, қар тазалайтын арнайы техника сұрату және «Қазавтожол» АҚ қызметкерлерінің санын көбейту мәселесі өзекті болып отыр.
Жиында күн тәртібіндегі екінші мәселе де толықтай талқыланып, қаулы жобасы әзірленіп, тиісті шешімдер қабылданды.