Марал Ысқақбай – 85 жаста

0

Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Марал Ысқақбай 85 жасқа толды. Ол 1938 жылы 2 ақпанда Сұлутөр ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Мерейтой иегеріне Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР Парламенті Сенатының төрғасы Мәулен Әшімбаев құттықтаулар жолдады.
Қазақ Совет энциклопедиясында, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, республикалық «Қазақкітап» бірлестігінде бас редактор болып істеген. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде жауапты қызмет атқарған. Әр жылдары «Мектеп», «Жазушы» баспаларының директоры, Қазақстан Республикасы Авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік агенттігінің төрағасы болды.
Жазушының «Қырық қыз», «Сұлутөрдің бөктері», «Ұят туралы аңыз», «Жойқын төбе», «Шілде басталғанда», «Көңіл жұбанышы», «Менің көршілерім», «Пенде ғұмыр», «Ғашық боп көрмеген келіншек» атты прозалық, «Шығарма шырайы — шындық», «Мүйізді Өтеген», «Баба ұраны» атты сыни-зерттеу кітаптары жарық көрген. Жазушының әңгіме, хикаяттары бойынша «Қырық қыздың ауылы», «Қияндағы қыстау» сияқты телеқойылымдар, «Тамшы» көркем фильмі түсірілген. Қазақтың 1100 әнін құрастырып, «Қазақша Караоке» деген атпен CD-ға жаздырған. Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасымен марапатталған.
«Марал Ысқақбайдың әңгіме-хикаялары жазушы үшін де, оқырман үшін де, тіпті оқырманға бейтаныс болса да аса қымбат, сыры да, жыры да мол – Сұлутөр өңірінде өтеді. Сұлутөрдің атына сай сұлу табиғаты мен тылсым сырға толы адамдарының ғажайып тағдырлары салған жерден баурап әкетеді. Бір хикаядан соң бір хикаяға құныға бас қоясың. Барған сайын өзің де Сұлутөрдің адамдарымен бірге өсіп, біте қайнасқан жандай, әлдеқалай бір бөлшегіне айналып жүре бересің… Бұл не? Әлбетте, бұл жазушының шеберлігіне кепіл – шынайы суреткерлігі. Суреткер ғана оқырманын өз тылсым творчествосына осылай тарта алады.
Осы орайда, ойға Мұқағалидың «Хантәңірі», «Оралханның «Мұзтауы», Шерханның «Мыңбұлағы», Қалиханның «Қатынқарағайы» секілді ата-мекен атауымен қатар аталатын азаматтық һәм шығармашылық ерекшеліктері қылаң ұрады. Міне, Маралдың Сұлутөрі де сондай шығармашылық ассоциация береді», деп жазады қазақ жазушысы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Асқар Алтай жерлесіміз туралы.
Шын мәнінде, Марал Ысқақбайұлының біз оқыған қайсыбір әңгімесі мен повестері де, романдары мен, тіпті сын мақалалары да оның қашанда ар алдында табаны таймайтын, батыл, қандай да бір дар алдында да дірілдемейтін бегзат суреткер екенін көрсетеді десек жаңылмаспыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.