МАСАНШЫДА МАРДЫМДЫ ІС КӨП

0

Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің тұрғындар алдында есеп беру кездесулері өткен айда бастау алған болатын. 1 ақпан күні аудан басшысы Бегзат Болатбеков Масаншы ауылдық округі тұрғындарымен жүздесті. Аудан әкімі кездесуден бұрын Масаншы ауылдық ауруханасына салынып жатқан қосымша ғимараттың құрылысымен танысты.

«ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстары былтыр бас-тау алған болатын. Биылғы жылға өтпелі болған аурухананың жаңа ғимараты мерзімге сәйкес бой көтеруде. Мердігерлермен кездескен аудан әкімі құрылыс жұмысы аяқталған кезде осында қажетті медициналық құрылғылардың халыққа қолжетімді болуы жайына да тоқталды. Жаңа ғимаратта УЗИ аппараты және өзге де заманауи медициналық құрылғылар орнатылмақ. Қазіргі таңда оларға тапсырыс та беріліп қойған. Мердігер компания өкілдері қазіргі таңда ешқандай проблема жоқ екендігін алға тартып, нысанды уақытылы өткіземіз деп отыр.

Осыдан кейін ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өтті. Өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы округ әкімі Хусейн Буларов есеп беріп, жүйелі істерін жіпке тізді. 20 мың халқы бар іргелі округ құрамына Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдары кіреді. Ауылда газ және ауыз сумен қамтамасыз ету жақсы жолға қойылған.

Дейтұрғанымен ел іші болған соң бірқатар проблемалық мәселелер де жиын барысында көтерілді. Мәселен, ауыл азаматтары Сайран көшесінде бірқатар электр бағаналарының тым ескіріп, құлауға шақ тұрғанын айтып, шұғыл арада ауыстыру қажеттігін алға тартты. Бұл мәселе бойынша жиынға қатысқан ЖЭС өкілі жауап беріп, жақын арада жөнге келтіретіндіктерін жеткізді. Осылармен бірге Мәңгілік ел көшесіндегі тротуар жайына да назар аудару қажеттігін айтты ауыл тұрғындары. Бұл да әкімдік назарына алынды. Аудан басшысына сұрақ қоюшылар қатарында Күнбатыс-2 ауылының тұрғындары да болды. Олар ауылға баратын жол жанындағы ағаштардың қурап қалғанын айтып, осы мәселеге назар аударуды сұрады.

— Жыл сайын аудан бойынша көктем айларында мыңдаған ағаш көшеттерін отырғызамыз. Бірақ, лайықты күтім жасамау, суармау және малға жем болуы салдарынан олар қурап қалып жатады. Табиғатқа, өзгенің еңбегіне жалпы ел болып жанашырлықпен қарауымыз қажет. Ал, сіздің сұрағыңызды назарға аламыз, ол маңға көшеттер отырғызылатын болады, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Жиын барысында биылғы жылы округ бойынша қолға алынатын жұмыстар жайы да сөз болды. Аудан әкімі Масаншыда қомақты сомаға ауруханаға қосымша ғимарат салынып жатқаны, ал Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 ауылдарына футбол алаңшасы мен стрит-воркаут алаңшалары салынатындығын айтты.

Кездесу соңында ауыл ақсақалы, Қордай ауданының Құрметті азаматы Дыдыр Двумаров ауданымыздың соңғы жылдары дамудың даңғыл жолына түсіп, экономикада оң динамика қалыптасып жатқанын аңғаруға болатынын айтты. «Сол даму жолына Масаншы ауылы да өз сүбелі үлесін қосып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады», деді ақсақал.

Leave A Reply

Your email address will not be published.