Мектептердің жағдайы зерделенді

0

Қордай ауданында жаңа оқу жылының басталуына орай білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында кешенді зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Аудан әкімінің орынбасары Бахыт Сахатов бастаған арнайы топ бірқатар мектептерді аралап, ондағы қауіпсіздік жүйесінің қазіргі жай-күйімен танысты. Іс-шара барысында оқу орындарында оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған негізгі бағыттар бойынша тексеру жүргізілді.

Алдымен мектептердегі бейнебақылау жүйелерінің жұмыс істеу сапасына талдау жасалды. Камералардың саны, орналасуы, жазба жүргізу мүмкіндіктері мен мұрағаттау жүйесінің бары тексерілді. Көптеген білім беру мекемелерінде бұл жүйелер талапқа сай жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Дегенмен, кейбір нысандарда техникалық жетілдіруді қажет ететін мәселелер де кездесті. Бұл бағытта тиісті ұсыныстар беріліп, жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

Зерделеу барысында ішкі және сыртқы дәретханалардың санитарлық жағдайы мен қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Бірқатар мектептерде заманауи санитарлық тораптар орнатылған болса, кейбірінде сыртқы дәретханаларды пайдалану жалғасып жатқаны белгілі болды. Мұндай жағдайлар бойынша жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет екендігі атап өтілді.

Мектеп аумағы мен оған жақын аймақтардағы жол қозғалысы қауіпсіздігі де басты назарда болды. Оқушылардың мектепке келу және үйлеріне қайту бағыттарындағы жол қозғалысы, жаяу жүргіншілер өткелдері, бағдаршамдар мен жол белгілерінің барына сараптама жасалды. Бұл бағытта да жауапты органдармен бірлесіп, тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

Мектептердің кіреберіс бөлігіндегі бақылау жүйелері – турникеттер, күзет қызметі, кезекшілік ұйымдастыру, дабыл түймелерінің болуы және олардың жұмыс тиімділігі тексерілді. Қауіп төнген жағдайда шұғыл әрекет ету тетіктерінің іске қосылу механизміне де ерекше көңіл бөлінді.

Сонымен қатар, зерделеу тобы мектеп маңындағы дүкендерге де назар аударды. Оқушылардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін тыйым салынған өнімдер – энергетикалық сусындар, темекі өнімдері мен тәттілердің сатылу фактілері тексерілді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қолданылды.

Зерделеу нәтижесінде анықталған барлық мәселелер бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.