МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА ШАПАҒАТЫ

0

Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметіне сай «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қордай ауылында 22 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, 1270 пәтер қолданысқа берілмек.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Рес-публикасы Үкіметінің қаулысымен Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған болатын. Осының аясында ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Мәселен, өткен жылы Қордай ауылының «Батыс» тұрғын алқабы мен Жібек жолы көшесінің бойынан төрт көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, газ, су, электр желісі сынды инженерлік-инфрақұрылым жұмыстары жүргізілсе, 2022 жылға дейін тағы 22 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл пәтерлер ең бірінші ретте баспанаға кезекте тұрған көпбалалы аналарға, көмекке мұқтаж мүгедек азаматтар мен жетім балаларға және мемлекеттік қызметшілерге беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, өткен жылдың аяғында Қаракемер ауылында  қоспәтерлі он тұрғын үй салынып, инженерлік жүйелерге қосылды. Жаңа үйдің кілттері көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қызметтік тұрғын үй ретінде дәрігерлерге, мұғалімдер мен учаскелік инспекторға берілді.

Сондай-ақ, былтыр «Асар» әдісімен аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған 15 үй салынды. Осылайша, тұрғын үй бойынша жылдық жоспар орындалып, 2020 жылға «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы толығымен жүзеге асырылды.

Осы ретте айта кетсек, «Нұрлы жер» бағдарламасы ауданда 2017 жылдан бастап қолға алынған. Нәтижесінде жаңа білім беру нысандары бой көтеріп, апатты мектептердің проблемасы шешілді. Көктөбе және Соғанды ауылдарында жаңа мектептер салынды. Осы уақыт аралығында «Солтүстік» және «Шығыс» тұрғын алқаптарында электр желілері мен жол құрылысы аяқталып, 2276 жер учаскесі берілді. «Батыс» тұрғын алқабында электр желісі, сумен қамту жүйесі, жол құрылысы аяқталды. Алдағы уақытта кезекте тұрған азаматтарға 388 жер учаскесі беріледі.

«Самал Тау» тұрғын үй алқабында инженерлік инфрақұрылым құрылысы жоспарлануда. Қазіргі таңда электр желісі мен сумен қамту жүйесін салу үшін ЖСҚ қаралу үстінде.

Сонымен бірге мемлекеттік «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамытудың бағдарламасы тұрғын үй жетіспеушілігі мен салынып жатқан нысандарға тиісті коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуде өз септігін тигізуде. Бұл бағдарлама шеңберінде білім беру нысандары да салынып, жолдар мен инженерлік жүйелердің құрылыстары да жүргізілуде. Барлық жобалардың іске асырылуы аудан басшылығының бақылауында. Аталмыш бағдарлама аясында Ауқатты-Бәйтерек, Алға-Көгадыр, Қақпатас-Беріктас, Бетқайнар-Соғанды жолдарының орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.