МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚОЛДАНЫС АЯСЫН КЕҢЕЙТУ МАҢЫЗДЫ

0

Жуырда аудан әкімдігінде «Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, оған Қордай аудандық сотының төрағасы Е.Ілиясов, аудан прокурорының орынбасары С.Баймолдаев, аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы филиалының ХҚК бойынша Қордай аудандық бөлімі басшысы М.Сарманов, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Балпукова, Қордай аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры С.Көпешов, аудан әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы Н.Жандарбеков, Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының анықтау және әкімшілік іс жүргізу бөлімінің басшысы А.Алитурлиев, полиция бөлімі басшысының орынбасары Е.Моминов, Қордай аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің басшысы Е.Бекқұлов қатысты.
Дөңгелек үстел барысында сот төрағасы Е.Ілиясов баяндама жасап, лауазымды тұлғалардың мемлекеттік тілді қолдануының негізгі принциптері жайында айтып берді, сондай-ақ олар тарапынан Қазақстанда ұсынылған мемлекеттік және өзге де тілдердің қолданылуы мен оқытылуына кедергі жасаған жағдайдағы көзделген жауапкершілік туралы баяндады. «Қазіргі уақытта еліміздің барлық мемлекеттік органдарында, мекемелері мен ұйымдарында, сонымен қатар жергілікті өзін өзі басқару органдарында кіріс және шығыс құжаттары толықтай мемлекеттік тілде жүргізіледі, және бұл асыра айтылғандық емес. Мұндай тенденция, сондай-ақ, Қордай аудандық соты тарапынан сақталып келеді. Бүкіл құжаттар айналымы тек қана мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда орыс тіліндегі аудармасы қоса беріледі. Сот істерін жүргізу тілі арыз берілген тілге байланысты болады», — деп атап көрсетті өз сөзінде судья.
Сонымен қатар, судья кейбір жағдайларда жоғарыда аталған Заңның талаптарын қылмыстық қудалау органдарының өкілдері тиісті түрде орындамайтынын атап өтті. «Қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың барлығы ұлты қазақ болғанына қарамастан, қылмыстық істердің материалдары орыс тілінде ресімделеді, бұл кейіннен аудармашыларды тарту қажеттігіне әкеп соғады»,-деді.
Құқық қорғау және мемлекеттік органдар тарапынан «Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қағидаты сақталмаған жағдайда оларға қатысты жекеше қаулы (ұйғарым) шығарылатынын ескертті. Жиынға қатысушылар мемлекеттік тілді қолдану барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылап, ол жөнінде пікір алмасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.