Халық денсаулығы — ел байлығының ең басты кепілі. Осы орайда жедел медициналық көмектің сапасын арттырып, азаматтарға көрсетілетін шұғыл қызметтің қолжетімділігін күшейту мақсатында 1 мамырдан бастап еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі.
Нақтырақ айтқанда:
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен емханалар жанындағы мобильді бригадалардың жұмысына түзетулер енгізіліп отыр. Бұл өзгерістер жеделдіктің 4-санатындағы шақыртуларға қатысты.
4-санат дегеніміз не?
Бұл — науқастың өміріне тікелей қауіп төнбейтін, алайда уақытылы дәрігерлік араласуды қажет ететін жағдайлар.
Оған мыналар жатады:
қан қысымының көтерілуі, дене қызуы, бас немесе буын аурулары, жеңіл жарақаттар, тұмау және ЖРВИ белгілері, созылмалы аурулардың өршуі.
1 мамырдан бастап не өзгереді?
- Енді мұндай шақыртулар жұмыс күндері, сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін емханалар жанындағы мобильді бригадалармен қамтылады;
- Осы уақыт ішінде жедел жәрдемге түскен 4-санаттағы шақыртулар МСАК бригадаларына қайта бағытталады;
- Ал кешкі сағат 20:00-ден кейін және демалыс, мереке күндері барлық шақыртулар, оның ішінде 4-санаттағысы да, бұрынғыша жедел жәрдем (103) бригадаларымен орындалады.
Бұл өзгерістер не үшін қажет?
Жедел жәрдем қызметіне түсетін шақыртулардың жартысынан астамы — дәл осы 4-санаттағы жағдайлар.
Алайда мұндай шақыртулар көбіне өміріне қауіп төніп тұрған науқастардың уақтылы көмек алуына тосқауыл болады.
Сол себепті бұл өзгеріс — жедел жәрдем ресурстарын дұрыс бағыттап, аса шұғыл көмекке мұқтаж адамдардың жанынан дер кезінде табылу үшін жасалып отыр.
Мобильді бригадалар не істейді?
Енді олар тек шақыртуларға ғана емес, үйге жоспарлы барып, созылмалы аурулармен есепте тұрған науқастардың жағдайын бақылап, уақтылы ем-дом жасауға мүмкіндік алады.
Бригадалар әр 25 мың тұрғынға бір топ есебімен құрылады және азаматтың тұрғылықты мекенжайына қарамастан, нақты фактілі тұратын жері бойынша қызмет көрсетеді.
Қордай аудандық орталық ауруханасы