Жеңіл мотокөліктер, скутерлер тек қалалы жерлерде емес, қазір еліміздің барлық аймағында кеңінен қолданыла бастады. Пайдалануда тіпті жанармайды қажет етпейтін, шағын қашықтықтарға баруға өте ыңғайлы әрі жылдам бұл көлік құралдарының қауіпі туралы әсіресе биыл көп айтыла бастады. Өйткені, осындай көлік құралдарын жүргізген жандар арасында жол-көлік оқиғалары жиі кездесуде. Тіпті арты қайғылы жағдайға әкелуде. Мұндай оқиға Қордайда да болғаны көңілге қаяу түсіреді.
Ағымдағы жылдың 8 айында былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мотокөлік құралдарының қатысумен орын алған жол-көлік оқиғалары саны артып, былтыр бір ғана оқиға тіркелсе, биыл ол көрсеткіш 13-ке бірақ шыққан. 1 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алған. Көбіне мотокөлік жүргізушілерінің жол ережесін сақтамауы, жылдамдықты асыруы және біздің жолдардың, қоғамның, автокөлік жүргізушілерінің әлі де болса мұндай көлік түрлерімен біте қайнасуына ерте екенін байқауға болады. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында облыстық Полиция департаментінің бастауымен аудандық полиция бөлімі «Мотокөлік-құралдары және балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты жедел профилактикалық іс-шарасын өткізген болатын. Нәтижесінде, мотокөлік және скутерлерді мемлекеттік номерсіз басқарғаны былай тұрсын, ішімдікке сылқия тойып алып жүрген қордайлықтар полиция қолына түскен. Аталмыш көлік құралдарын жүргізгендерге қатысты ӘҚБтК-ң 608 бабы 1 бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, көліктері айыптұраққа қойылған.
Аудандық полиция бөлімі қызметкерлері квадроциклдердің, мопедтердің, сондай-ақ самокаттардың жүргізушілерімен жол жүрісі қағидасының талаптарын сақтауға ерекше назар аударып, көлік құралдары қозғалысының қарқындылығы жоғары, әсіресе автожолдар мен елді мекендердің көше-жол желісінде, жол жүрісін қадағалау барынша күшейтетін боламыз дейді. Сонымен қатар, елді мекендерде мотокөлік құралдарының қозғалысын қадағалауды күшейту бойынша ауылдарда учаскелік полиция инспекторларын тарта отырып, алдын алу бойынша шаралар қабылданбақ.