ОҢ БАСТАМА ҚОЛДАУ ТАБУЫ ТИІС

0

Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен кезекті жиын өтіп, кездесуге облыстық
фермерлер одағының төрағасы Дулат Сұлтанбеков пен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысты.
Қатысушыларды кездесудің мақсатымен таныстырған Мәден Тоқтарбайұлы облыстан келген қонаққа сөз беріп, ол өз кезегінде бірқатар жерлестерімізге ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің марапатын тапсырды. Нақтырақ айтсақ, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Алмаз» шаруа қожалығының басшысы Жұмабек Ещиганов «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, саланың қарышты дамуына қосқан үлесі үшін «Қордай-корм» АӨК өкілі Мади Теребаевқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Осыдан кейін фермерлер одағының жұмысына қысқаша тоқталып, алдағы мақсаттарымен бөліскен Дулат Сұлтанбеков «Eco Chicken» ӨК басшысы Талғат Сәрсенбаевпен тілдесті. Кәсіпкер өз кезегінде қолға алған ісінің қыр-сырымен бөлісіп, ет бағытында құс өсірудің оңтайлы тұстарына тоқталды. Осы орайда, тараптар аталмыш жобаны кеңейту, өзге азаматтардың бұл кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасау мәселелерін талқылап, аталмыш кәсіппен айналысам деген азаматтар арасында тың бастама кеңінен таралуы тиіс деген шешімге келді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.