Міне, көзді ашып-жұмғанша кезекті оқу жылы да аяқталды. Түлектер үлкен өмірге жолдама алып жатса, өткен жылы мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер бір сатыға жоғары көтеріліп, ата-аналары мен мұғалімдерін қуантуда.
Биыл Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен соңғы қоңырау жиыны 25 мамыр күні тек түлектерге ұйымдастырылмақ. Ал қалған сыныптардың оқушылары үшін жұма күні «Білімім – Отаныма!» тақырыбында жалпы республикалық тәрбие сағаттары өткізілді. Бірыңғай сынып сағаттарын өткізудегі мақсат – балаларды жыл бойы алған білімінің нәтижесін қорытындылай білуге, тәрбиелеуге бағытталды.
Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сәйкес, 2023-2024 оқу жылында 33345 оқушы білім алды. Оның ішінде: 47 мемлекеттік мектепте 30214 оқушы, 19 жекеменшік мектепте 2858 оқушы, сырттай оқыту мектебінде 273 оқушы. 3326 оқушы 1-сыныпқа қабылданды.
Жалпы Қордай ауданы бойынша биылғы оқу жылында 1439 оқушы мектеп бітіріп, олардың 800-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, соның ішінде 15 оқушы «Алтын белгіге», 42 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.
Биыл алғаш рет білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында 27-31 мамыр аралығында 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен емтихан тапсырады. Ал 16 мамыр күні басталған Ұлттық бірыңғай тестілеу 5 шілдеге дейін жалғаспақ.
Оқу жылында оқушылар мен ұстаздардың жеткен жетістіктері де аз емес. Аудан ұстаздары республикалық «Үздік авторлық бағдарлама», «Педагогикалық идеялар фестивалі», математика пәнінің мұғалімдеріне арналған «Зерек ұстаз» республикалық шығармашылық байқауында, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне арналған «Сөз мергені» пәндік олимпиадасында, бастауыш сынып мұғалімдерінің «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасында, аудан мектептерінің ұстаздары 1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар мектеп оқушылары облыстық, республикалық байқаулар мен түрлі пәндік, зияткерлік олимпиадаларға қатысып, 1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен марапатталды. 2023-2024 оқу жылында ауылдың дарынды балаларын қолдау мақсатында ҚР-сы Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастырумен тұңғыш рет өткен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінде 2 оқушы жеңімпаз атанды. Информатика пәнінен №4 Б.Бөлтірікова атындағы МЛ-нің 9-сынып оқушысы Шамсадинов Ағзам 1-орынды және алтын медальді иеленіп, 2024 жылдың наурыз айында өткен республикалық жалпы пәндер олимпиадасына жолдама және Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің оқу грантын жеңіп алды. Ал осы мектептің 10-сынып оқушысы Шокарева Вероника орыс мектебіндегі қазақ тілі пәнінен «көрсеткен ерекше жетістігі үшін» республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының арнайы грамотасымен марапатталса, күні кеше Көкше өңіріндегі республикалық «Балдәурен сауықтыру» лагерінде өткен республикалық «Зерде» зерттеу жобалар байқауында №4 Б.Бөлтірікова атындағы МЛ-нің 3-сынып оқушысы Серік Бағдәулет пен №49 Оралхан Бөкей атындағы негізгі мектебінің 4-сынып оқушысы Маясарова Аяла 3-орын иеленді.
2024 жылдың 1 маусымынан бастап мектеп оқушылары үшін жазғы сауықтыру және жұмыспен қамту шаралары басталмақ. Мектеп оқушылары мектеп жанындағы және Қордай ауылындағы «Балауса» сауықтыру лагерінде демалады. Жазғы сауықтыру мен қатар білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына даярлығын пысықтау білім бөлімінің бақылауына алынған.