ОБЛЫСТАН ОЗА ШАПҚАН АРДАГЕРЛЕР

0

Ұлы Жеңістің 77 жылдығына және ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай Тараз қаласында Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Жамбыл облысы ардагерлері арасында облыстық спартакиада өтті.
Спорт додасына Тараз қаласы мен аудандардан жасақталған командалар қатысып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, бильярд, үстел теннисі, волейбол, дартс, жеңіл атлетикалық жүгіру (скандинавиялық таяқпен) сынды спорт түрлерінен сайысқа түсті.
Жарысқа үлкен құлшыныспен келген қордайлық ардагерлер өзге аудандардан оза шауып, спорттың бірқатар түрінен жүлделі орындарды иеленді. Мәселен, волейболдан жерлестеріміз 2-орынды, бильярдтан қордайлық Майлыбек Атшабаров 1-орынды, әйелдер арасында дойбыдан Айсұлу Биғазиева 1-орынды, асық атудан Қырғызбай Батыров 2-орынды, теннистен Құрманғазы Жетігенов пен Раушан Жолдыбаева 3-орынды қанжығасына байлады. Ал жалпы командалық есепте біздің спортшылар 3-орынды иеленіп, жеңіс төрінен көрінді.
Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен, кубоктармен марапатталды. Аудандық ардагерлер кеңесі қазыналы қарияларымыздың облыстық спартакиадаға қатысуына атсалысқан аудан әкімі М.Мұсаевқа және аудан әкімдігінің спорт бөлімінің басшысы Д.Молдағалиевке зор алғыс білдіреді.

Аудандық ардагерлер кеңесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.