Олар – аурухананың үнсіз тірегі

0

Медицина қызметкерлері дегенде көпшіліктің көз алдына бірден дәрігер мен медбике елестейтіні рас. Алайда ақ халатты абзал жандардың жанынан табылып, тынымсыз тірлігімен аурухананың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген санитарлар мен ас таратушылар секілді қарапайым қызметкерлердің еңбегін ұмыт қалдыруға болмайды. Өйткені күнделікті тазалық пен тәртіп, науқастардың жайлылығы – дәл осы кісілердің табанды жұмысының нәтижесі.

Солардың бірі – Роза Құттыбаева. Роза Болатханқызы 2019 жылдан бері Қордай аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімшесінде санитар болып еңбек етіп келеді. Үнемі байсалды, өз ісіне ұқыпты Роза апайдың жұмысы көзге көрінбегенімен, маңыздылығы өте жоғары. Өйткені тазалық – денсаулықтың негізі. Аурухананың әр палата, әр бөлмесі санитардың қолынан өтеді. Ал хирургия бөліміндегі санитарларға жүктелер жауапкершілік тіптен ауыр: олардың жұмысы тек еден жуумен шектелмейді, олар операцияға дайындық жұмыстарынан бастап, құрал-саймандарды тазарту, бөлмелерді залалсыздандыру, науқастарға күтім жасау сияқты күрделі міндеттерді де мінсіз атқарады.

«Біздің жұмыс – адам өмірі үшін жасалып жатқан үлкен істің бір бөлшегі. Науқастың қауіпсіздігі мен саулығы үшін тазалықты бірінші орынға қоямыз», – дейді Роза Болатханқызы.

Келесі кейіпкеріміз – Сәуле Асанбаева. Сәуле Сабырқызы 2017 жылдан бері дәл осы бөлімшеде ас таратушы болып қызмет етіп келеді. Таң атпай ауруханаға келіп, тағамды уақытылы қабылдау, оны науқастарға үлестіру – ас таратушының басты міндеті. Бұл жерде ас мәзірінің сақталуы, диеталық талаптарға сай болуы, әр науқастың жеке ерекшелігіне мән беру секілді ұқыптылықты қажет ететін жұмыс.

«Ауруханаға келген әр адам жылы сөзге, көңіл бөлуге зәру. Тамақ таратқанда науқастардың амандығын сұрап, жағдайын білуге тырысамын. Сол сәтте олар маған аналық мейіріммен қарап, алғысын білдіріп жатады. Бұл мен үшін ең үлкен марапат», – дейді Сәуле Сабырқызы.

Дәрігерлер өмір үшін күрессе, осындай жандар ауруханадағы тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз етіп, барынша жайлы жағдай жасауға тырысады. Олар өз жұмысы жайлы көп айтпайды, бірақ әр ісінен адалдық пен адамгершілік аңқып тұрады.

Осындай қарапайым, бірақ аса қажетті қызметтерді атқарып жүрген адамдарға алғыс білдіру – азаматтық парызымыз.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.