Олжас Бектенов Баку қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер үкіметтері басшыларының кездесуіне қатысты
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Баку қаласына (Әзербайжан) жұмыс сапары аясында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен ұжымдық қабылдауына, сондай-ақ ТМҰ мемлекеттерінің үкіметтері басшылары мен вице-президентінің кездесуіне қатысты.
Әзербайжан Президентімен өткен кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне назар аударылды.
Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ыстық сәлемі мен шынайы лебіздерін жеткізді. Екі ел басшыларының парасатты әрі сындарлы саясатының арқасында екіжақты ынтымақтастық нығая түсетіні атап өтілді. Бұл тұрғыда Қазақстан Үкіметі өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, энергетика, цифрландыру және ЖИ сияқты басқа да негізгі салалардағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге бар күш-жігерін салуда.
Түркі мемлекеттері ұйымы үкіметтері басшылары мен вице-президентінің екінші кездесуіне Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадов, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президенті Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, сондай-ақ бақылаушылар қатысты.
Кездесуде ТМҰ мемлекеттері басшыларының тапсырмаларын орындау барысы қаралды. Өңірлік және жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы өзара іс-қимыл, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, көлік инфрақұрылымын дамыту және Орта дәліздің цифрлық интеграциясы, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту перспективалары талқыланды.
Сөз сөйлеу барысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда және бірлескен күш-жігерді үйлестіруде ТМҰ-ның өсіп келе жатқан рөлін атап өтті.