ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

0

Отан деген түсінік отбасынан басталатынын барлығы біледі. Отбасында бірлік пен татулық, сыйластық орын алса, ол бір берік мемлекет іспеттес болады. Өнегелі жанұядағы жағдай әр баланың болашағына әсер береді. Сол себепті де отбасы қоғамның іргетасы және ажырамас бөлігі.

Шаңырақтағы татулықты, сыйластықты ойлаған жан әрине, жарын, балаларын сүйеді, отбасындағы шаттық үшін ештеңеден аянып қалмайды. Сол сүйіспеншілік туған-туыстарын, жақын жандарын жақсы көруге, бауыр басуға ұласады. Дәл осының ар жағында жоғарыда айтып өткендей, Отан деген ұғым шығады. Өнегелі отбасы дегенде көз алдымызға асқар тау әке, мейірімді ана және жадыраған балалар келеді. Ондай отбасы қоғамда сыйлы болып, көпке үлгі көрсетеді. Әскери қызметті атқарып, Отан алдындағы борышын орындау-да өзінің шағын мемлекеті – отбасының берекесін де ұйыта білген жандар аз емес.

Осы ретте, бүгінгі әңгімеге арқау болатын Гвардейск гарнизонындағы 21450 әскери бөлімінің 1-ші танк батальоны командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Манабаевтың берекелі шаңырағы жайында болмақ. Бүгінде Мұрат Әуесханұлы 21450 әскери бөлімінде ортасына сыйлы, әріптестерін құрметтейтін және де өнегелі жанұяның отағасы ретінде таныс.

Кейіпкеріміз әкесі Әуесхан мен анасы Несіпкүлдің тұңғышы, Мойынқұм ауданы Мирный ауылында дүниеге келіп, алғашқы қадамдарын сол жерде бастағанымен саналы ғұмырын Қордай ауданы, Гвардейск қалашығында өткізді. Қалашықтағы Б.Момышұлы атындағы №43 орта мектепті аяқтап, Гвардейск гарнизонында Әскери прокуратурасында аға инс-пектор болып еңбек жолын бастады. Әрине, әскери гарнизонда өскен бала кішкентайынан әскери болуды армандайды. Ал, Мұрат Манабаев көпке үлгі болатын офицер болуды мақсат тұтты. Бұл бағытта көп еңбек етіп, бүгінде өз дегеніне жетті. Жоғары білім алады, бірнеше жерде сан түрлі қызметтерді атқарып жүріп, өзінің қалашығына оралып, қазіргі таңда 21450 әскери бөлімінде қызмет етеді. Әскери мансабында сержанттық қызметтен офицерлік қызметке дейін өсті. Капитан Мұрат Манабаевтың жеке басының дайындығы, темірдей тәртібі, кәсібилігі, білімі мен шеберлігін бөлім басшылығы ескеріп, қазір маңызды қызметті артқан.

— Үлгілі отбасы болу үшін барымды саламын. Жұртқа үлгі болу үшін ең алдымен өзің үлгі көрсетуің керек. Қызметте адал болып, адал еңбегіңнің жемісін көруге ұмтылу қажет. Біз жұбайымыз екеуміз бір-бірімізді сыйлап, құрметтеуге ұмтыламыз. Іргесі берік отауымыздың болашағына өзіміз жауапты екенімізді ұмытпаймыз. Отбасы құндылықтарының ең бас-тысы – сыйластық, — дейді капитан Манабаев.

Олардың отбасындағы ауызбіршілікке осы құндылықтың оң әсері тигеніне күмән жоқ. Иә, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, жанұядағы жарасымдылықты арттыра түсетін осындай өнегелі отбасылар көбейген сайын Отанымыздың іргесі де нығая түсетіні рас. Еліміздегі әр шаңырақта береке-бірлік бола берсін!

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.