ОТАНДЫ ҚОРҒАУ – ІЗГІ БОРЫШ

0

Отанды қорғау – қай заманда да қасиетті парыз болып саналған, ал бүгінде мерзімді әскери қызметті өтеу – әрбір ер азаматтың міндеті. Сарбаз болып сапқа тұрған азамат тек қару қолдану және әскери техниканы меңгеріп қана қоймай, салауатты өмір салтымен қатар рухани нығайып, отансүйгіштік қасиетті бойына сіңіреді.

Мерзімді әскери қызмет – әр жас ер азаматтың заңмен бекітілген міндеті. Ал әскерден жалтару – қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әке соғады. . Мысалы, ҚР Қылмыстық Кодексінің 387 бабында әскери қызметтен жалтару үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл дегеніміз – бір жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру, сонымен қатар 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе сол көлемде түзету жұмыстары. Ал, егер де ер азамат әдейі өз денсаулығына зиян келтірсе немесе өтірік аурумын, деп жалған құжаттар жасаса 3 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру, сондай-ақ 3000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Қордай ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының м.а. майор Ю.Серіковтың айтуынша, әскери қызмет өтеуге жасы жеткен ер азамат шақыру қағазын күтпей-ақ аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келуі тиіс. Өзімен бірге ол жеке куәлігін, амбулаториялық картасын, білім туралы құжаттарын, үйленген болса жұбайының жеке куәлігін және неке куәлігін, балаларының туу куәлігін алып келуі керек. Кез келген ақпаратты алу үшін Қорғаныс істері жөніндегі бөліміне жолығуға болады.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығына сай ағымдағы жылдың бірінші наурызынан бірінші шілдесіне дейін елімізде әскерге шақыру кампаниясы өтеді. Пандемия жағдайына байланысты әскерге шақырушыларға арнайы SMS хабарландыру таратылып, кампания барысында адамдармен тікелей қарым-қатынас барынша төмендетіледі. Әскерге шақырылушыларға екі рет ПТР тест сынамаларын алу жүргізіледі. Біріншісі – кампания барысында жиын пунктерінде болса, екіншісі – жас буын әскери бөлімдерге жеткізілгенде жасалады. Ал, кейін әскери қызмет барысында сарбаздарды вакцинациялау көзделген.

Статистикаға көз жүгіртсек, өткен жылы көктемгі әскери шақыру науқаны барысында ауданнан барлығы 140 ер азамат борышын өтеуге кетсе, күзгі науқанда 157 адам әскер қатарына жіберілген. Ал, биылғы көктемгі кампанияға жоспар бойынша 535 ер азаматты шақырту көзделген. Бүгінгі таңда шекара қызметіне баратын болашақ сарбаздар іріктеліп жатыр.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.